Ұлттық өнер ұлықталған кеш: Семейде Секен Тұрысбектің рухани кеші өтті
Семейде Қазақстан халықтарының бірлігі күні мерекесіне орай қала тұрғындары Абай атындағы театр сахнасында ұйымдастырылған ерекше кештің куәсі болды. Бұл жолғы концерт қазақ күй өнерінің көрнекті өкілі, Қазақстанның халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Секен Тұрысбектің 65 жас мерейтойына арналды.

Салтанатты жиында Абай облысы әкімі Берік Уәлидің құттықтауын облыс әкімінің орынбасары Мейірлан Раханов табыстады. Қазақы дәстүрге сай мерейтой иесінің иығына шапан жабылып, құрмет көрсетілді.

Шығармашылық кеш барысында сазгердің жүрекке жететін таңдаулы күйлері орындалып, көрермен қауымға ерекше рухани әсер сыйлады. Концертте «Ақ жауын» мемлекеттік камералық оркестрінің сүйемелдеуікүйлердің көркемдік қуатын арттыра түсті. Оркестр мен күйші арасындағы үйлесім тыңдарманды ұлттық өнердің тереңіне жетеледі.

Кеш барысында жергілікті әншілер де сахна төріне шығып, әннен шашу шашып, мерейтой иесіне құрмет көрсетті. Бұл концерт тек күй кеші ғана емес, тұтас ұлттық өнердің мерекесіне айналды.

Сондай-ақ танымал әнші Бақыт Үдербаева қара домбыраның қасиетін дәріптеп жүрген шертпе күй шебері Секен Тұрысбекке алғысын білдіріп,шапан жауып, құрмет көрсетті.

Бұл кеш — ұлттық өнерді ұлықтаған, күй мен әннің қадірін арттырған тағылымды шара болды. Секен Тұрысбектің шығармашылығы арқылы қазақтың күй өнері тағы бір мәрте асқақтап, көрермен жүрегінен орын алды.

#Семей, #Абай облысы, #мереке, #Секен Тұрысбек