Ұлы Абайдың 180 жылдығына орай 180 баланың тұсауы кесілді
Наурыз мейрамына орай облыс бойынша 300-ге жуық киіз үй тігілді. Оның 50-ден астамы Семейдің орталық алаңы, қаланың Қарағайлы, Әуезов алаңы мен теміржол вокзалы, Силикат, Тері-былғары зауыты аудандары, Шығыс, Бобровка және Юность кенттерінде орналастырылды.

Әр киіз үйге Абай ауылы, Шәкәрім ауылы, Достық ауылы, Мейірім ауылы, Өнерпаздар ауылы, Руханият ауылы, Білім ордасы, Ардагерлер ауылы, Шапағат, Жасыл ел, Табыс, Болашақ, Сәулет, Заң мен тәртіп, Ауылым – алтын бесігім, Б.Момышұлының туғанына 110 жыл, Н.Тілендиевтің туғанына 100 жыл, Ш.Қалдаяқовтың туғанына 95 жыл, І.Есенберлиннің туғанына 120 жыл, Ш.Әбеновтің туғанына 125 жыл, Ж.Нәжімеденовтің туғанына 90 жыл, ҚР Конституцияның 30 жылдығы деген арнайы атаулар берілген.

Облыс әкімі орталық алаңдағы киіз үйлерді аралап, Наурыз мейрамының басты оқиғасы – тұсаукесер рәсіміне қатысты. Ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойына орай өңірде бір мезетте 180 бала жаңа өмірге қадам басты.

Ал Семейде аймақ басшысы зиялы қауым, мәдениет, білім, спорт, кәсіпкерлік, басқа да сала өкілдерімен бірге 40-қа жуық бүлдіршіннің тұсауын кесті.


22 наурыз күні мерекелік шаралар облыстың барлық аудандары мен қаланың барлық шағын аудандарын қамтыды. Семей қаласы Наурызды кең көлемде атап өту үшін мазмұнды бағдарлама әзірледі. Орталық алаңда қолөнер көрмелері, ұлттық ойындар, спорттық жарыстар, фотоаймақтар дайындалды.


Мерекенің көркін келтірген шараның бірі - композитор Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына орай жүз жас домбырашының сазгер шығармаларын бір мезгілде орындауы. Бұл жұртшылыққа музыка мен тарихи тағылымға толы ерекше атмосфера сыйлады.

Семейліктер мен қала қонақтары орталық алаңда қазақстандық эстрада жұлдыздары «Алашұлы», «МузАрт» тобы мен Ә.Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармониясының, қалалық мәдениет сарайы әншілерінің өнерін тамашалады. Кешкі бағдарлама аясында «Алашұлы» тобы, «Әдемі-ай» дуэті мен Қайрат Нұртас, жергілікті өнерпаздар өнер көрсететін болады.

#Семей, #Абай облысы, #Абай облысының әкімі, #Наурыз