Абай облысының Мақаншы ауданында агроөнеркәсіп саласын дамытуға бағытталған маңызды инвестициялық жоба жүзеге асты. Аудан орталығы – Мақаншы ауылында «DI-NUR» ЖШС-нің күнбағыс тұқымын қайта өңдеп, өсімдік майын өндіретін жаңа зауыты пайдалануға берілді. Кәсіпорынның ашылу салтанатына облыс әкімі Берік Уәли қатысып, жаңа өндіріс орнының өңір экономикасы үшін маңызын атап өтті.

Салтанатты шарада сөз сөйлеген аймақ басшысы жобаның ауыл шаруашылығы өнімдерін тиімді өңдеуге, қосылған құны жоғары өнім шығаруға және экспорттық әлеуетті арттыруға зор мүмкіндік беретінін айтты.
«Бүгін біз облысымыздың, соның ішінде Мақаншы ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін стратегиялық маңызы зор инвестициялық жобаның жүзеге асуына куә болып отырмыз. «Di-Nur company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің күнбағыс тұқымын қайта өңдеу және өсімдік майын өндіру зауытының ашылуы – өңіріміздің өндірістік әлеуетін арттырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамытуға бағытталған маңызды жоба. Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешенінде өндірілетін өнімнің көлемін ғана емес, оның сапасын арттыруға, шикізатты терең өңдеуге және экспортқа бағытталған бәсекеге қабілетті өнім шығаруға ерекше назар аударып келеді. Бүгін іске қосылып отырған кәсіпорын – осы міндеттердің нақты жүзеге асуының айқын дәлелі. Мұндай инвестициялық жобалар облыс экономикасының тұрақты дамуына, инвестициялық тартымдылықтың артуына және жаңа өндірістердің қалыптасуына серпін береді. Ерекше атап өтерлігі, май өндіру зауытының негізгі инвесторы өзіміздің жерлесіміз, осы ауданның тумасы Серік Рамбаевтың туған жерге туын тігіп, осындай үлкен өндіріс орнын туған жеріне салып жатқаны үлгі боларлық қадам деуге болады. Баршаңызды жаңа кәсіпорынның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын!», – деді Берік Уәли.

Жобаның жалпы инвестициялық құны 7 миллиард теңгені құрайды. Заманауи технологиялармен жабдықталған кәсіпорын тәулігіне 300 тонна күнбағыс майын өндіруге қауқарлы. Сонымен қатар мұнда тәулігіне 500 тоннаға дейін күнбағыс дәні тазартылып, құрама жем өндіріледі.
Жаңа өндіріс орны өңірдің жұмыспен қамту көрсеткішіне де оң ықпалын тигізбек. Кәсіпорында 20 тұрақты және 100 маусымдық жұмыс орны ашылып, жергілікті тұрғындарды еңбекпен қамтуға мүмкіндік жасалды.
Мақаншы ауданының Қытай Халық Республикасымен шекаралас орналасуы кәсіпорын үшін ерекше артықшылық саналады. Бұл өндірілген өнімді сыртқы нарықтарға экспорттауға, халықаралық сауда байланыстарын кеңейтуге және ауданның транзиттік әлеуетін тиімді пайдалануға жол ашады.

Зауыттың ашылуын аудан тұрғындары да үлкен қуанышпен қарсы алды. Аудандық ақсақалдар кеңесінің мүшесі Әбен Разуев жаңа өндіріс орны ауылдық жерлерге инвестиция тартудың нақты нәтижесі екенін атап өтті.
– Сіздерді ауданымыздағы алғашқы өндіріс орнының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Ауылдық жерлерге инвестиция тартудың маңызы ерекше. «Аягөз–Бақты» теміржолының құрылысы, Алакөл жағалауындағы ауқымды инвестициялық жобалар, Бақты ауылындағы мультимодальды құрғақ порт пен логистикалық парк құрылысының басталуы ауданның экономикалық мүмкіндігін арттырып, тың серпін береді. Бұл – мақаншылықтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және ауданның дамуына үлкен мүмкіндік. Аудан тұрғындары атынан алғыс білдіремін, – деді ол.





Айта кетейік, биыл Абай облысында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі Жол картасы аясында жалпы құны 23,7 миллиард теңгені құрайтын алты ірі жоба іске асырылуда. Оның ішінде ақпан айында «Агролидер KAZ» ЖШС-нің бұршақты және майлы дақылдарды қайта өңдеу зауыты іске қосылды. Сондай-ақ жыл соңына дейін «QAZAQ-ASTYQ GROUP» ЖШС базасында тазартылған (рафинадталған) май өндіру жобасы және «Eurasia Agro Semey» ЖШС базасында ірі ет өңдеу зауытын іске қосу жоспарланған.
Жалпы, мемлекеттік бағдарлама аясында 2031 жылға дейін елімізде агроөнеркәсіп саласында 90 ірі жоба жүзеге асырылады. Бұл бастамалар ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамытуға, ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті қолдауға және экспортқа бағытталған өндірістердің үлесін арттыруға мүмкіндік береді.





