Халықтық Конституцияның күшіне енуімен құттықтаймыз
Конституция 128 қаралымabaidan.kz

ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ – ЖАҢА МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ МӘДЕНИЕТІ

ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ – ЖАҢА МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ МӘДЕНИЕТІ

Конституция – мемлекеттің құқықтық іргетасы ғана емес, қоғамның құндылықтық бағдары мен даму бағытын айқындайтын басты құжат. Ол мемлекеттік биліктің қызметін реттеп қана қоймай, азаматтар мен мемлекеттік аппараттың өзара жауапкершілігін белгілейді. Сондықтан Конституция қағидаттарын жүзеге асыру – ең алдымен мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігіне, адалдығына және халыққа қызмет ету мәдениетіне байланысты,-дейді Алуа Сабалақова Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Абай облысы бойынша филиалының директоры.

Жаңартылған Конституцияда Қазақстан өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық әрі әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыратыны, ал адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары ең қымбат қазына екені нақты көрсетілген (1-бап). Бұл қағидат мемлекеттік басқарудың барлық жүйесіне ортақ негізгі бағдар болуы тиіс.

Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметтің басты міндеті – заңды орындау ғана емес, Конституцияда бекітілген құндылықтарды күнделікті қызметте жүзеге асыру. Әрбір қабылданған шешім азаматтардың құқықтарын қорғауға, қоғамдық сенімді нығайтуға және әділетті қоғам қалыптастыруға қызмет етуі қажет.

«Заң және тәртіп» – мемлекеттік қызметтің басты қағидаты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Заң және тәртіп» идеологиясы қазіргі мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының біріне айналды. Бұл ұғым тек құқық бұзушылықтың алдын алу немесе заң талаптарын сақтау ғана емес. Бұл – қоғамда құқықтық мәдениетті, әділдікті, жауапкершілікті және өзара құрметті қалыптастырудың тұтас жүйесі.

Конституцияның 3-бабында мемлекеттің негізгі қызмет қағидаттарының бірі ретінде заң мен тәртіптің үстемдігін қамтамасыз ету белгіленген. Сонымен қатар ұлттық бірлікті нығайту, жауапты патриотизмді дамыту, еңбекқорлық пен білім құндылықтарын дәріптеу, жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру да мемлекеттің стратегиялық бағыты ретінде айқындалған.

Бұл қағидаттарды жүзеге асырудағы негізгі жауапкершілік мемлекеттік қызметшілерге жүктеледі. Өйткені азаматтардың мемлекетке деген сенімі күнделікті көрсетілетін мемлекеттік қызмет сапасы арқылы қалыптасады.

Адалдық – кәсіби міндет қана емес, өмірлік ұстаным

Қазіргі мемлекеттік қызметтің маңызды бағытының бірі – адалдық мәдениетін қалыптастыру.

Адалдық – заң талаптарын сақтау ғана емес. Ол – ар-ожданға негізделген ішкі жауапкершілік, әділ шешім қабылдау, мемлекеттік ресурстарды ұқыпты пайдалану және қоғам мүддесін жеке мүддеден жоғары қою.

Мемлекеттік қызметші өзінің әрбір әрекеті арқылы мемлекеттік аппараттың беделін қалыптастырады. Сондықтан кәсібилік пен құзыреттілік адалдықпен ұштасқанда ғана тиімді мемлекеттік басқару жүйесі қалыптасады.

Мемлекеттік қызмет туралы заң да мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлқын, заңдылықты сақтауды және азаматтардың құқықтарын құрметтеуді негізгі міндеттердің бірі ретінде белгілейді.

«Таза Қазақстан» – тазалықтан басталатын жауапкершілік

Президент бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы экологиялық акция ғана емес. Бұл – қоғамның жаңа мәдениетін қалыптастыруға бағытталған идеологиялық бастама.

Тазалық тек көшелердің немесе қоғамдық орындардың тазалығымен өлшенбейді. Ол басқару мәдениетіндегі тазалық, шешім қабылдаудағы ашықтық, қызмет көрсетудегі әділдік, мемлекеттік мүлікке ұқыпты қарау және қоғамдық жауапкершілік арқылы көрінеді.

Конституцияда жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру мемлекет қызметінің негізгі қағидаттарының бірі ретінде белгіленуі де кездейсоқ емес. Бұл әрбір азаматпен қатар мемлекеттік қызметшіге де үлкен жауапкершілік жүктейді.

Сондықтан «Таза Қазақстан» қағидаттары мемлекеттік қызметте:

  • ашықтық пен жариялылықты;

  • мемлекеттік ресурстарды тиімді пайдалануды;

  • еңбек тәртібін сақтауды;

  • қоғамдық мүлікке жанашырлықпен қарауды;

  • азаматтарға сапалы қызмет көрсетуді білдіреді.

Конституциялық мәдениет – қоғамдық сенімнің негізі

Конституцияның 34-бабына сәйкес әрбір азамат Конституция мен заңдарды сақтауға, басқа адамдардың құқықтары мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті. Бұл талап мемлекеттік қызметшілер үшін екі есе маңызды, өйткені олар заңның орындалуын қамтамасыз ететін тұлғалар болып табылады.

Конституциялық мәдениет құқықтық сауаттылықпен ғана шектелмейді. Ол мемлекеттік қызметшінің қызмет әдебі, кәсіби этикасы, азаматтармен қарым-қатынасы, шешім қабылдау сапасы және қоғам алдындағы жауапкершілігі арқылы көрініс табады.

Мемлекеттік аппараттың тиімділігі қабылданған құжаттардың санымен емес, азаматтардың мемлекетке деген сенім деңгейімен өлшенеді.

Конституциялық құндылықтар – болашақ Қазақстанның берік негізі

Бүгінгі Қазақстан жаңа кезеңге қадам басты. Бұл кезеңде мемлекеттік басқарудың тиімділігі заң үстемдігімен, адалдық мәдениетімен, кәсібилікпен және азаматтарға қызмет ету қағидатымен айқындалады.

Конституцияда бекітілген қағидаттар, «Заң және тәртіп» идеологиясы және «Таза Қазақстан» бастамасы өзара тығыз байланысты. Олардың барлығының түпкі мақсаты – құқықтық мемлекет құру, қоғамдық сенімді нығайту және жауапты азаматтық қоғам қалыптастыру.

Әрбір мемлекеттік қызметші Конституцияның талаптарын күнделікті қызметінде басшылыққа алып, заңға адалдықты, әділдікті, ашықтықты және халыққа қалтқысыз қызмет етуді өзінің кәсіби ұстанымына айналдырғанда ғана Әділетті Қазақстанның берік іргетасы қаланады.

Өйткені Конституция – жай ғана құқықтық құжат емес. Ол – мемлекет пен қоғамды біріктіретін құндылықтар жүйесі.

Ал сол құндылықтарды өмірде жүзеге асыратын негізгі күш – кәсіби, адал және жауапты мемлекеттік қызмет.