Абай облысында эвакуацияланғандар үйлеріне оралды

Абай облысында эвакуацияланғандар үйлеріне оралды

Аймақта еріген қар суының салдарынан бөгеттер мен елді мекендерді су басқан болатын. Қызыл су жүрген Аягөз, Ақсуат аудандарының тұрғындары арнайы эвакуациялау пунктеріне орналастырылған еді. Бүгін аудан халқы үйлеріне қайтты,-деп хабарлайды abaidan.kz тілшісі өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап. Жарма және Аягөз ауданындағы су басқан ауылдарға облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев арнайы барды. 
 


Аймақ басшысы Жарма және Аягөз аудандарында су тасқынына қарсы жүргізіліп жатқан іс-шаралармен танысты. Қазіргі уақытта ЖАО мен облыстың ТЖД мамандары тарапынан еріген суды бұруға барлық шаралар қабылданды. Бүгінде су деңгейі төмендеді. 

Сонымен қатар, Аягөз қаласында облыс әкімі аппараттық кеңес өткізіп, жауапты органдар мен бөлімдерге бірқатар тиісті тапсырмалар берді.

Еске сала кетейік, 28 наурызда Тарбағатай ауылының Аягөз өзенінде су деңгейі 365 см-ге дейін көтеріліп, Семей қаласынан көмек көрсету үшін облыстық ТЖД күштері мен құралдары жіберілді. Тұрғын үйлерді су басудың алдын алуға, сондай-ақ халықты эвакуациялауға Аягөз қаласының арнайы күштері мен құралдары жұмылдырылды. 

Кеше эвакуацияланған Ақсуат ауданындағы Уаң ауылының тұрғындары да үйлеріне оралды. Олар Боғас өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты қауіпсіз жерге жеткізілген болатын.Бүгінде аудандардағы жағдай тұрақты.


#Абай облысы, #Ақсуат ауданы, #Аягөз, #ағын су