Абай облысында «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының кеңейтілген отырысы өтті
Абай облыстық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының кеңейтілген отырысы өтті. Жиында өңірдегі гендерлік саясатты жетілдіру, әйелдердің басқару жүйесіндегі рөлін арттыру және партия жанындағы әйелдер ұйымдарының жұмысын күшейту мәселелері талқыланды.
Отырысқа «AMANAT» партиясы Абай облыстық филиалының төрағасы Қанат Әділбай қатысып, гендерлік саясаттың өзектілігіне тоқталды. Ол әйелдердің саяси және қоғамдық саладағы белсенділігін арттыру ел дамуының маңызды факторларының бірі екенін атап өтті.Жиында өңірлік басқарудағы әйелдердің үлесі талқыланды

Абай облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Жарқын Жұмаділов «Әйелдердің өңірлік басқару жүйесіндегі үлесі және мемлекеттік саясаттың гендерлік теңдік бағытындағы басымдықтары» тақырыбында баяндама жасады. Ол мемлекеттік қызметтегі меритократиялық принциптің сақталуы, өкілетті органдардағы әйелдер саны, өңірлік гендерлік саясатты іске асыру тетіктері туралы ақпарат берді. Сондай-ақ әйел кадрларды ілгерілету, мансаптық өсуге қолдау көрсету шаралары мен аймақтық жоспарлармен таныстырды.

Отырыста «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының кеңесшісі Айгерім Смағұлова Әйелдер қанатының өңірдегі қоғамдық және әлеуметтік бастамаларын, тәжірибесін және белсенді әйелдерге көрсетіліп отырған қолдау бағыттарын атап өтті.Айтуынша, партия жанындағы әйелдер құрылымдары ауыл және қала деңгейінде түрлі әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып, қоғамдағы әйелдердің рөлін күшейтуге үлес қосып келеді.

Фракция мүшелері партия жанындағы Әйелдердің саяси көшбасшылығы мектебі – «Зере» жобасының жүзеге асырылуы туралы да пікір алмасты. Жоба аясында өңірдің жас және белсенді әйелдеріне саяси білім беру, көшбасшылық дағдыларын дамыту міндеттері іске асырылып жатыр.
Сонымен қатар отырыста ауыл әйелдерінің құқықтық мәдениетін арттыру мәселесі де көтерілді. Қатысушылар құқықтық сауаттылықты жетілдіруге бағытталған тренингтер мен ақпараттық кездесулердің маңызын атап өтті.