Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин шағын құрамда келіссөз жүргізді
Мемлекет басшысы Қазақстанға сапармен келуге шақыруын қабыл алғаны үшін Владимир Путинге алғыс айтты.
– Бұл стратегиялық серіктестік пен одақтастыққа берік негізделген мемлекетаралық қарым-қатынасымыздағы өте маңызды оқиға екені сөзсіз. Сіздің қазақстандық ақпарат құралдарында жарияланған бүгінгі мақалаңызды мұқият оқып шықтым. Ал менің мақалам Ресей баспасөзінде жарияланды. Біз болашаққа бағытталған екіжақты ынтымақтастықты дамыту жөніндегі көшелі ойларымызды жан-жақты жеткіздік. Өз мақаламда Қазақстан осындай күрделі кезеңде Ресейдің сенімді стратегиялық серіктесі әрі одақтасы екенін және алдағы уақытта да бұл бағыттан айнымайтынын атап өттім, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан мен Ресей екіжақты серіктестіктің оң қарқынын сақтап қана қоймай, оны еселей түскен.
– Сіздің бүгінгі сапарыңыздың күн тәртібі өте ауқымды. Сапар қарсаңында Үкімет мүшелері кездесіп, біз талқылайтын барлық мәселені пысықтады. Бүгін өте маңызды құжаттарды қабылдаймыз. Бұл 20 келісімнен тұратын құжаттар біздің тату көршілік және серіктестік рухындағы ынтымақтастығымызды одан әрі дамытуға тың серпін береді, – деді Мемлекет басшысы.
#ҚР Президенті, #Қазақстан, #Ресей, #Ресей Президенті