Трамп, Зеленский мен Еуропа көшбасшыларының Ақ үйдегі кездесуі: келіссөз қалай өтті
АҚШ президенті Д. Трамппен келіссөздерге қатысқан еуропалық көшбасшылардың көпшілігі Ақ үйден тарқасты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісіне сілтеме жасап, abaidan.kz.
АҚШ астанасына Украина президенті В. Зеленский, Франция президенті Э. Макрон, Финляндия президенті А. Стубб, Ұлыбритания премьер-министрі К. Стармер, Италия премьері Дж. Мелони, Германия канцлері Ф. Мерц, Еуропалық комиссия президенті У. Ляйен және НАТО Бас хатшысы М. Рютте келді.
Трамппен келіссөздерге дейін кейбір ЕО көшбасшылары мен Владимир Зеленский қысқаша кездесу өткізді.
Ең алдымен Ақ үйге Украина президенті Владимир Зеленский келді. Жеке форматтағы келіссөздерге дейін Зеленский мен Трамп көптеген журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Кейін Украина және АҚШ көшбасшылары арасындағы келіссөздерден соң, Еуроодақтан келген қонақтар да оларға қосылды.
Ақ үйдегі кездесулер қорытындысы бойынша Дональд Трамп әлеуметтік желіде Украина дағдарысын реттеуге байланысты алдағы қадамдарды жариялаған жазба жариялады. Ол дүйсенбі күні Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлескенін және Зеленскиймен кездесу дайындығын бастағанын растады.
— Кездесу барысында біз Украинаға қауіпсіздік кепілдіктері туралы сөйлестік. Бұл кепілдіктер әртүрлі еуропалық елдер тарапынан АҚШ-пен үйлестіру арқылы беріледі. Барлығы Ресей мен Украина арасындағы бейбітшілікке қол жеткізу мүмкіндігіне қуанышты. Кездесулер аяқталған соң мен президент Путинге қоңырау шалып, Путин мен Зеленскийдің кездесуіне дайындықты бастадым, — деп жазды Ақ үй басшысы Trurt Social желісінде.
Трамптың айтуынша, бұдан кейін оның, Ресей және Украина президенттерінің қатысуымен үшжақты кездесу өткізу де мүмкін.
Сондай-ақ, Трамп АҚШ вице-президенті Дж. Вэнс, Мемлекеттік хатшы М. Рубио және Арнайы өкіл С. Уиткофф Киев пен Мәскеумен өзара әрекеттесуді үйлестіретінін айтты.
Өз кезегінде Зеленский Ақ үйде Трамппен және Еуропа өкілдерімен қауіпсіздік кепілдіктерін талқылағанын айтып, АҚШ тарапынан маңызды белгілер алғанын жеткізді. Оның айтуынша, мұндай кепілдіктердің егжей-тегжейі 10 күн ішінде нақты жоспарланатын болады.
— Мұның бәрі жазбаша түрде 7–10 күн ішінде рәсімделеді, — деді Зеленский келіссөздерден кейін.
Ол бұл кепілдіктердің үш негізгі құрамдас бөлігі бар екенін нақтылады: Украина армиясын қаруландыру, одақтастардың міндеттемелері және елдің қорғаныс-өнеркәсіптік кешенін дамыту.
Украина президенті Владимир Путинмен екіжақты кездесуге дайын екенін және бұл кездесуде аумақтық мәселелерді көтеруді жоспарлап отырғанын да айтты.
— Мен Путинмен екіжақты кездесуге дайын екенімізді растадым және барлық көшбасшылар мені қолдады, — деді Зеленский Ақ үй жанындағы брифингте. Ол бұл кездесуден кейін Трамптың қатысуымен үшжақты кездесуге үміт артып отырғанын жеткізді.
НАТО Бас хатшысы Марк Рюттенің айтуынша, Трамп Украинадағы жағдайды еуропалық көшбасшылармен және Владимир Зеленскиймен виртуалды форматта талқылауды жалғастырады.
— Бүгін өте сәтті күн болды. Біз қауіпсіздік кепілдіктерін талқыладық. Алдағы күндері бұл бағытта жұмыс істейміз және осы топ көшбасшылары мен президентпен виртуалды тағы бір кездесу өткіземіз, — деді Солтүстік Атлантикалық альянс басшысы.
Германия канцлері де пікір білдіріп, «Украина үшін шешуші күндер басталғандай әсер бар» деді. Сонымен қатар, ол Владимир Путин мен Владимир Зеленскийдің кездесуі екі апта ішінде өтуі керек екенін айтты.
— Бүгінгі үміттер тек ақталып қана қойған жоқ, тіпті асып түсті, — деді Германия канцлері.