Семейде сайлау белсенді өтіп жатыр

Семейде сайлау белсенді өтіп жатыр

Бүгін Семей қаласында алғаш рет өтіп жатқан қала әкімін тікелей сайлау науқанына тұрғындар белсенді түрде қатысуда. Бұл — еліміздегі жергілікті басқару жүйесін жаңғырту жолындағы маңызды қадамдардың бірі. Сайлау қаланың барлық учаскелерінде жоспарға сай өтіп жатыр. Соның бірі — №33 сайлау учаскесі. Учаске төрағасы Қасымов Самат Қайратұлының айтуынша, таңертеңнен бері сайлаушылардың қатысуы жақсы .

"Жалпы, біздің учаскеде 2 636 сайлаушы тіркелген. Халықтың учаскеге келу қарқыны жаман емес. Ертеңгі күнге бейжай қарамай, өз таңдауын жасау үшін тұрғындар келіп жатыр, Үйден дауыс беру үшін 10 адам өтініш білдірген. Оның 9-ы бюллетень алып дауыс берді" — дейді төраға.

Учаскеде барлық жағдай жасалған: сайлаушыларды тіркеу, дауыс беру кабинасы, бақылаушыларға арналған орын, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімділік — бәрі қарастырылған. Қауіпсіздік шаралары мен тәртіп те жоғары деңгейде.

Бақылаушылар мен сенімді өкілдер сайлау процесінің ашық әрі әділ өтуін қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар, учаскеге келген тұрғындар да ұйымдастыру деңгейіне оң бағасын беруде.

"Халықтың белсенділігі — олардың ел тағдырына бейжай қарамайтынын көрсетеді. Бұл — қоғамның саяси мәдениетінің артып келе жатқанының белгісі," — дейді Самат Қайратұлы.

Айта кетейік, биыл алғаш рет қала тұрғындары әкімді өздері таңдап жатыр. Бұл — ел Президентінің бастамасымен қолға алынған саяси реформалардың нәтижесі. Сайлау кешке дейін жалғасады. Қаланың өзге де учаскелерінен түскен мәліметтер бойынша, тұрғындар белсенділік танытуда.


#Семей, #Абай облысы, #сайлау