Абай облысында Каратэ Шинкиошинкайдан ашық чемпионат өтті
Абай облысында Каратэ Шинкиошинкай бағытында өңірлік чемпионат ұйымдастырылып, оған еліміздің бірнеше аймағынан жас спортшылар жиналды. Дәстүрлі додаға Астана, Алматы, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Абай облыстары және Семей қаласынан 6–17 жас аралығындағы 300-ге жуық каратэші қатысып, өз шеберліктерін ортаға салды,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Жарыстың салтанатты ашылуына Абай облысы денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бахыт Бекбосынов қатысып, жас спортшыларға сәттілік тілеп, каратэ спортының өңірде жылдан-жылға дамып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай турнирлер жасөспірімдердің шеберлігін шыңдап, үлкен спортқа жол ашатыны анық.

Салтанатты шара барысында қатысушылар мен қонақтарға каратэнің түрлі бағыттағы демонстрациялық қойылымдары ұсынылды. Алдымен кіші жас санатындағы өрендер негізгі техникаларын, ал орта және ересек топ спортшылары күрделі жаттығулар мен тартысты әдістерді көрсетті.


Чемпионаттың ең әсерлі сәттерінің бірі – жаттықтырушылардың арнайы көрсетілімдері болды. Тәжірибелі бапкерлер жоғары деңгейдегі әдіс-тәсілдерді орындап, көрермендерді тәнті етті. Әсіресе кірпішті қолмен сындыру элементтері спорттық шеберліктің жоғары деңгейін айқын көрсетті.


Жарыс соңында командалық есеп бойынша үздік көрсеткіштер анықталды:
3-орынды – ШҚО құрамасы (Риддер қаласы),
2-орынды – Алматы қаласы,
1-орынды – Павлодар қаласы иеленді.




Турнир жас спортшылар үшін үлкен тәжірибе алаңы болып, олардың алдағы республикалық және халықаралық жарыстарға дайындығын арттыра түсті.
