Бокстан әлем чемпионатына Қазақстан атынан кімдер барады?
World Boxing аясында Англияның Ливерпуль қаласында өтетін бокстан әлем чемпионатына баратын Қазақстан құрамасы белгілі болды,-леп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі kaz.inform.kz сілтеме жасап.
Қазақстандық былғары қолғап шеберлері дүбірлі додаға әзірлігін Алматы облысында жүргізіп жатыр. Енді олар соңғы дайындығын пысықтау үшін Шеффилд қаласына аттанады. Онда 10-нан аса елдің боксшылары бой көрсеткен жиынға қосылады.
Еліміздің ерлер құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов негізінен тәжірибелі боксшыларға сенім артып отыр. Олардың қатарында Санжар Тәшкенбай (50 келі), Махмұд Сабырхан (55 келі), Бейбарыс Жексен (60 келі), Ертуған Зейнулинов (65 келі), Төрехан Сабырхан (70 келі), Сабыржан Аққалықов (75 келі), Нұрбек Оралбай (80 келі), Бекзат Нұрдәулетов (85 келі), Сағындық Тоғамбай (90 келі) мен Айбек Оралбай (90 келіден жоғары) бар.
Ал Елдос Сайлалин бастаған бапкерлер әйелдер құрамасында төмендегі былғары қолғап шеберлеріне сенім артты. Алдағы әлем чемпионатында еліміздің атынан Назым Қызайбай (48 келі), Алуа Балқыбекова (51 келі), Элина Базарова (54 келі), Карина Ибрагимова (57 келі), Виктория Графеева (60 келі), Аида Әбікеева (65 келі), Наталья Богданова (70 келі), Надежда Рябец (75 келі), Гүлсая Ержан (80 келі) және Елдана Талипова (80 келіден жоғары) сынға түседі.
Фото: OLYMPIC.KZ