Үржар ауданының Жоғарғы Егінсу ауылында мәдениет үйі ашылды

Үржар ауданының Жоғарғы Егінсу ауылында мәдениет үйі ашылды

Бүгін Үржар ауданының Жоғарғы Егінсу ауылында көптен күткен мәдениет үйі пайдалануға берілді. Ауыл тұрғындары үшін маңызды нысанның ашылу салтанатына Абай облысының әкімі Берік Уәли, Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі күйші-композитор Секен Тұрысбек және өңір жұртшылығы қатысты,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынған мәдениет үйінің жалпы ауданы 1 356,8 шаршы метрді құрайды. Екі қабатты заманауи ғимаратта 100 орындық көрермен залы, кітапхана, домбыра, ән және би үйірмелеріне арналған кабинеттер, шығармашылық және әкімшілік бөлмелер, сондай-ақ әртістерге арналған арнайы кабинеттер қарастырылған.

Жаңа нысан мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қажеттіліктеріне толық бейімделген. Мәдениет үйі ауыл жастарының шығармашылық әлеуетін дамытуға, ұлттық өнер мен мәдениетті дәріптеуге және тұрғындардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Салтанатты шарада сөз сөйлеген облыс әкімі Берік Уәли бұл нысанның ауылдың рухани өміріндегі маңызына ерекше тоқталды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттің мәдениетті қолдауы қашанда тоқтамайтын үдеріс әрі маңызды стратегия екенін атап өткен болатын. Былтыр көктемде ауданға келгенімде осы ауылдағы мәдениет үйінің құрылысы тоқтап тұрған еді. Тиісті қаржыландыру мәселесін дер кезінде шешудің нәтижесінде бүгін осындай тарихи күнге куә болып отырмыз. Мәдениет үйінің дәл осы ауылда ашылуы заңдылық. Өйткені бұл – Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Секен Тұрысбек дүниеге келген қасиетті мекен. Баршаңызды жаңа мәдениет үйінің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Бұл нысан ауылдың рухани өмірін жандандырып, мәдениет пен өнердің өркендеуіне жол ашатын маңызды орталыққа айналады. Ең бастысы, бұл – соңғы қырық жыл ішінде Үржар ауданында салынған алғашқы мәдениет үйі. Сондықтан оның әлеуметтік және рухани маңызы айрықша, – деді аймақ басшысы.

Облыс әкімі сондай-ақ жобаның жүзеге асуына үлес қосқан құрылысшыларға, жобалаушыларға, мемлекеттік органдар өкілдеріне және барлық қолдау көрсеткен азаматтарға алғысын білдірді.

Мәдениет үйінің ашылуына орай жаңа ғимаратта күйші-композитор Секен Тұрысбектің шығармашылық кеші өтті. Кеш барысында Семейдегі Әміре Қашаубаев атындағы облыстық филармонияның өнерпаздары өнер көрсетіп, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Іс-шара соңында облыс әкімі Берік Уәли Секен Тұрысбекті шығармашылық кешінің табысты өтуімен құттықтап, өзі басқаратын Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармонияға автобус сертификатын табыс етті.

Жоғарғы Егінсудағы жаңа мәдениет үйінің ашылуы – ауыл тұрғындары үшін ғана емес, тұтас өңірдің мәдени өміріндегі маңызды оқиға. Бұл нысан алдағы уақытта өнер мен руханияттың ордасына айналып, ауылдың әлеуметтік дамуына серпін бермек.


#Абай облысы, #Үржар ауданы, #мәдениет