«ШАХМАТ КЕРУЕНІ» СЕМЕЙГЕ КЕЛДІ
«Шахмат керуені» жобасының аясында облысымыздағы үздік әуесқой шахмат шеберлері анықталмақ,-деп хабарлайды abaidan.kz тілшісі Абай облысы баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Жобаның басты мақсаты - өңірлерде интеллектуалды ойынға көңіл аударып, шахмат қозғалысын кеңінен насихаттау. Семей – Көкшетау, Петропавл, Қостанай, Қарағанды, Павлодардан кейін табан тіреген алтыншы қала.
Іс-шара аясында Абай облысында Қазақстан шахмат федерациясының филиалы ашылып, оған төраға болып Нұрбол Нұрсағатов сайланды.
- Қаламызда бұқаралық спортты дамыту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұдан аз уақыт бұрын велошеру, «Абай Марафон» ұйымдастырылған болатын. Енді, міне, бүгін қаламызға «Шахмат керуені» келді. Шахмат ойыны ойдың қабілеттілігін арттыруға, балалардың және ересектердің үлкен жетістіктеріне жетуіне жаңа серпіліс береді деп білеміз. Аталмыш спорт түрін өңірімізде дамыту үшін бұл іс-шаралар легі тек қана бастамасы, - деп атап өтті Нұрбол Нұрсағатов.
Алаңға арнайы орнатылған жылжымалы киіз үйдің ішінде шахмат турнирінің жартылай финалы өтті. Оған іріктеу жарысының 20 жеңімпазы қатысуда. Қаламыздың үздік әуесқой шахматшылары қараша айында Түркістанда өтетін гранд-финалға жолдама алады.
«Шахмат керуені» - елімізде бұрын-соңды болмаған жоба. Біз еліміз бойынша 14 мың шақырым жолды еңсеріп, әр облыс орталығында өзіміздің өкілдіктерімізді ашудамыз. Бұл шахматтың дамуына қосымша серпін беретініне сенеміміз мол. Қазақстанда өткен жылы үш әлем чемпионаты, 5 халықаралық турнир өткізілген болатын. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының шахматтың даму барысын жеке өзі бақылайтынын атап өтуі де біз үшін қуанышты жағдай, - деді Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті Александр Бабенко.