Мақаншы ауданына әкім тағайындалды

Мақаншы ауданына әкім тағайындалды

Абай облысының әкімі Мақаншы ауданының активімен кездесті,-деп хабарлайды abaidan.kz тілшісі Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Абай облысының әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен араға ширек ғасырдан астам уақыт салып қайта құрылған Мақаншы ауданына арнайы барды. 

Нұрлан Ұранхаев ауданның активімен кездесу өткізіп, ҚР Президент Әкімшілігінің, Мақаншы ауданының мәслихат депутаттарының келісімімен және облыс әкімінің өкімімен, Мақаншы ауданының әкімі лауазымына тағайындалған Дәурен Бақытжанұлы Қойгельдинді таныстырды.

Дәурен Бақытжанұлы – тәжірибесі жеткілікті, білікті маман. ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлегі. Еңбек жолын, Көкпекті аудандық мәслихатында бас маман ретінде бастап, мемлекеттік қызметтің барлық баспалдағын кезең-кезеңімен өтті. Ауылдық округ әкімі болған. 

«Мемлекеттік қызметтегі тәжірбиесі мен білімі жеткілікті. Сондықтан артылған сенімді ақтап, жаңадан құрылған Мақаншы ауданының жұртшылығымен бірлесе отырып, осы ауданның одан әрі дамып, гүлденуіне бар күш-жігерін салып, аянбай қызмет етеді деп сенемін», - деді облыс әкімі.

Тағайындалғанға дейін Дәурен Қойгельдин Көкпекті ауданы әкімінің орынбасары ретінде қызмет атқарып келді.


#Абай облысы, #тағайындау, #Мақаншы