Әскери ортадағы психологиялық қолдау

Әскери ортадағы психологиялық қолдау

Семейде әскери қызметшілерге психологиялық қолдау мәселелері талқыланған дөңгелек үстел өтті,- деп хабарлайды abaidan.kz агенттігі Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Басқосуға «Аналардың жүрегі» сарбаз аналар комитеті» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының жетекшісі Марфуға Бармашикова мен «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары, полковник Елдос Бозгулов, сондай-ақ әскери бөлім командирлерінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасарлары, психологтар мен әскери қызметшілердің отбасыларымен жұмыс істеу қызметінің өкілдері қатысты.

​Жиынның негізгі мақсаты – әскери қызметшілермен тығыз қарым-қатынас орната отырып, оларға психологиялық қолдау көрсету, әскери қызметшілердің отбасыларымен тұрақты әрі тиімді байланыс орнату мәселелерін талқылау болды.

​Дөңгелек үстел барысында қатысушылар өз ой-пікірлерін ортаға салып, әскери қызметшілерге психологиялық сүйемелдеу көрсету, эмоционалдық күйзелістердің алдын алу, әскери ортаға бейімделу кезеңіндегі жан-жақты қолдау ұйымдастыру мәселелерін кеңінен талқылады. Сонымен қатар, әскери қызметшілердің отбасыларына жүйелі, мақсатты және нәтижелі психологиялық көмек көрсету тетіктеріне ерекше назар аударылды.

​Кездесу соңында аталған бағыттар бойынша бірлескен жұмысты күшейту, тәжірибе алмасу және психологиялық қолдау шараларын жетілдіру жөнінде нақты ұсыныстар айтылды.


#Абай облысы, #әскери, #Абай өңірлік гарнизоны, #сарбаз