Абай облысында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасы аясындағы «Таза Qazaqstan» Road-эстафетасы өтті. Шара барысында жастар, қоғам белсенділері, ауыл тұрғындары мен депутаттар бірігіп, 487 шақырым жолдың бойын тазартты. Нәтижесінде 40 тоннаға жуық қоқыс жиналып, тарихи-мәдени нысандардың маңы ретке келтірілді.

Эстафетаның Абай облысындағы кезеңі Семей қаласында таңғы спорттық жаттығудан басталды. «Әділет» партиясының ұйымдастыруымен өткен «Чемпиондық рух» жобасына жастар белсенді қатысып, салауатты өмір салтын насихаттауға атсалысты. Жаттығуға «Қазақстан барысы» турнирінің жеңімпазы, «Әділет» партиясының мүшесі Ерасыл Қажыбаев та қатысты. Оның айтуынша, мұндай бастамалар жастарды спортқа баулып қана қоймай, қоғамдық жауапкершілікті сезінуге және ел игілігіне қызмет етуге ынталандырады. Жаттығудан кейін қатысушылар қолғаптарын киіп, қоқыс жинауға арналған қаптарын алып, Семейден Абай ауданына дейінгі тасжолдың бойын тазалауға кірісті.
Экологиялық шараға 500-ге жуық жас қатысып, облыстың үш ауданы мен бір қаласын қамтыды. Тазалық жұмыстары Семейден Абай ауданына дейінгі жол бойында, Күшікбай асуының маңында, Абай мемориалдық кешені мен Жидебай қорығы аумағында жүргізілді.

«Жастар рухы» жастар қанатының Абай облыстық филиалының төрағасы Темірлан Бақтияровтың айтуынша, эстафетаның негізгі мақсаты – қоршаған ортаны тазартумен қатар, тарихи орындарды қорғау және тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру.
«Таза Қазақстан» акциясы аясындағы Road-эстафета шеңберінде Абай ауылына келіп, Жидебай қорығында тазалық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Сонымен қатар қорықтың маңайын вандализмнен сақтау мақсатында жұмыстар атқарылуда. Шара барысында Қарауыл ауылында мерекелік OPEN AIR концерт өткіземіз. Абай ауданының тұрғындары акцияға белсене қатысуда», – деді Темірлан Бақтияров.
Эстафета аясында «Вандализмге жол жоқ!» акциясы да ұйымдастырылды. Оның мақсаты – тарихи ескерткіштер мен табиғи нысандарды бүлінуден қорғау, мәдени мұраға құрметпен қарауды насихаттау. Ұлы Абайдың есімімен байланысты қасиетті мекендерде мұндай жұмыстардың маңызы ерекше.
Қарауыл ауылында тұрғындардың экологиялық сауаттылығын арттыруға бағытталған акция өтті. Ауыл тұрғындары қайта өңдеуге жарамды қалдықтарды тапсырып, оның орнына демеушілер ұсынған өнімдерді алды. Іс-шараға экобелсенді, блогер Кербез Егінбаева да қатысып, балаларға тәттілер таратты.
Оның айтуынша, акцияға қатысушылардың басым бөлігі пластик бөтелкелерді жинап әкелген. Экобелсенді пластик қалдықтарын бейберекет тастау мен өртеудің қоршаған ортаға зиян келтіретінін атап өтіп, қоқысты сұрыптау мен қайта өңдеудің маңызын түсіндіру қажет екенін айтты.
«Семей қаласынан басталған эконауқанда Қарауылға дейінгі тасжолдың бойын тазарттық. Жол бойында жүргізушілер көбінесе пластик құтыларды, чипсы мен кириешки қаптамаларын лақтырады. Акцияға жастар мен жасөспірімдер атсалысты», – деді Кербез Егінбаева.
Акцияға қатысқан жастардың бірі Әкежан Шарғали да тазалық мәдениетін қалыптастырудың маңызын атап өтті. Оның пікірінше, қоқысты жинаумен қатар, оның қоршаған ортаға тасталуына жол бермеу қажет. Ол туған өлкенің тазалығына үлес қосуды азаматтық борышы санайтынын жеткізді.

Эстафета барысында ағаш отырғызу жұмыстары да жүргізілді. Құрылтай депутаты Шалқар Байбеков Бесқарағай ауданынан басталған іссапары аясында тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, азаматтардың өтініш-тілектерін тыңдады. Сонымен қатар ол елді мекендердегі сенбіліктерге қатысып, Қарауыл ауылында жастармен бірге ағаш көшеттерін отырғызды.
«Таза Қазақстан» – қоршаған ортаны қорғауға ғана емес, туған жерге деген сүйіспеншілік пен өскелең ұрпақтың бойында экологиялық мәдениет қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама. Табиғатты қорғау мен елді мекендерді көркейту ортақ жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан тазалықты бір күндік науқан емес, күнделікті өмір салтына айналдыру қажет,-дейді депутат.
Абай облысындағы эстафета тұрғындармен кездесулерді, қоғамдық қабылдауларды және жастарға арналған іс-шараларды да қамтыды. Осылайша, экологиялық жұмыстар жергілікті мәселелерді талқылаумен және қоғамдық белсенділікті арттырумен қатар жүргізілді.
«Таза Qazaqstan» Road-эстафетасы 13–16 қазан аралығында Ақмола, Павлодар, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарындағы тасжолдардың бойын қамтуға жоспарланған. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, жоба аясында 59-дан астам ауылдық елді мекенге бару және бес мыңнан астам жасты қатыстыру көзделген.

«Әділет» партиясы Жастар қанаты төрағасының міндетін атқарушы Ержан Хамитовтың айтуынша, Абай облысындағы кезеңде жастармен кездесулер, ағаш отырғызу акциялары, тазалық жұмыстары және қоғамдық қабылдаулар ұйымдастырылды. Бұған қоса, тарихи орындарды қорғауға бағытталған шаралар өткізілді. Эстафетаның келесі кезеңі Шығыс Қазақстан облысында жалғасады.
Абай облысындағы 487 шақырым жолды тазарту мен 40 тоннаға жуық қоқыс жинау – бастаманың нақты нәтижесі. Дегенмен ұйымдастырушылар мен қатысушылар үшін басты міндет тек жиналған қалдық көлемімен шектелмейді. Қоқысты белгіленген орынға тастау, қалдықтарды сұрыптау, ағаштарды күтіп-баптау және тарихи орындарға құрметпен қарау сияқты қарапайым дағдыларды қалыптастыру да маңызды.
Абай еліндегі эстафета жастарды, ауыл тұрғындарын және қоғам белсенділерін ортақ мақсатқа біріктірді. Шара туған жердің тазалығы әр азаматтың күнделікті әрекетінен басталатынын тағы бір мәрте көрсетті. Табиғатты қорғау, тарихи мұраны сақтау және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау – таза әрі көрікті ел қалыптастырудың негізгі шарттары.




