Абай облысында туризм саласын дамыту, туристік инфрақұрылымды жаңғырту және өңірдің туристік әлеуетін кеңінен таныту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы ӨКҚ өткен брифингте Абай облысының туризм басқармасының басшысы Қуаныш Әбілдаев баяндады.
2026 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша өңірдегі 327 орналастыру нысанында 83 743 келушіге қызмет көрсетілген. Бүгінде облыстағы орналастыру орындарының қоры 7 206 нөмірді құрайды. Бір мезгілдегі сыйымдылығы – 18 596 төсек-орын. Бұл көрсеткіштер өңірге келетін туристер санының біртіндеп артып, туристік инфрақұрылымға сұраныстың жоғарылап келе жатқанын көрсетеді.
Облыстық туризм басқармасының мәліметінше, 2026–2029 жылдары өңірде жалпы құны 90,1 млрд теңге болатын 51 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Жобалар емдеу-сауықтыру, тарихи-мәдени және отбасылық туризм бағыттарын қамтиды.
«Туризм – экономиканы әртараптандырудың, жаңа жұмыс орындарын құрудың және инвестиция тартудың маңызды бағыттарының бірі. Сондықтан өңірде туристік инфрақұрылымды дамытуға және инвестициялық жобаларды іске асыруға ерекше мән беріліп отыр», – деді облыстық туризм басқармасының басшысы Қуаныш Әбілдаев.
Жобалардың қатарында Алакөл жағалауындағы құны 11,1 млрд теңге болатын емдеу-сауықтыру кешені, Жидебай аумағындағы 1,2 млрд теңгелік «Жидебай» этнокешені және 500 млн теңге инвестицияланатын визит-орталық бар. Сонымен қатар Абай ауданының Қарауыл ауылында «TAUKUM KARAUL» қонақ үйінің құрылысы басталды.
Семей қаласында да туризм мен қалалық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған ірі жобалар жүзеге асырылуда. Соның бірі – құны 26 млрд теңге болатын мәдени-ойын-сауық сауда кешені.
Туристер үшін қауіпсіз әрі қолайлы жағдай қалыптастыруға да ерекше көңіл бөлінуде. Әсіресе Алакөл курорттық аймағында медициналық, полиция және құтқару қызметтерінің тәулік бойғы жұмысы ұйымдастырылған.
Қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында Алакөл аумағында жасанды интеллект модельдерін қолданатын 115 бейнебақылау камерасын орнату жобасы толық аяқталды. Нәтижесінде курорттық аймақтағы бейнебақылау камераларының жалпы саны 224 бірлікке жетті. Сонымен қатар екі антенна-діңгек конструкциясы орнатылып, Алакөл жағалауын мобильді интернетпен толық қамту қамтамасыз етілді.
Курорттық аймақтың инженерлік инфрақұрылымын жақсарту бағытында да бірқатар жоба қолға алынған. Атап айтқанда, «Көктал» қосалқы станциясынан «Алакөл» қосалқы станциясына дейін 10 кВ әуе электр беру желісін салу және «Қабанбай-2» мен «Алакөл» қосалқы станцияларын сақиналау үшін 35 кВ әуе электр беру желісін тарту жұмыстары жүргізілуде. Жобаның жалпы құны 7,9 млрд теңгені құрайды.
Сондай-ақ Алакөл жағалауында блокты-модульдік тазарту құрылыстарын салу жоспарланған. Жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге 32 млн теңге, ал құрылыс жұмыстарына 1 млрд теңге қарастырылған. Қазіргі уақытта жобалау жұмыстары жалғасып, қажетті топографиялық түсірілім мен геологиялық барлау жүргізілген.
Жағалауды нығайту мәселесі де назардан тыс қалмаған. Жағаны нығайтудың жалпы ұзындығы 3 018 метрді құрайды. Жобаны қаржыландыру мәселесі республикалық бюджет немесе Арнайы мемлекеттік қор қаражаты есебінен шешу үшін пысықталуда.
Туризмді дамытуда ақпараттық қолдау мен өңірдің туристік брендін ілгерілетуге де басымдық берілуде. Осы мақсатта облыстық туризм басқармасының «Visit Abai» туристік ақпараттық орталығы құрылды. Орталық туристерге өңірдің табиғи және тарихи-мәдени нысандары, маршруттары, орналастыру орындары мен көрсетілетін қызметтері туралы ақпарат береді.
Әлеуметтік желілер мен заманауи медиа ресурстар арқылы Абай облысының туристік әлеуетін таныту жұмыстары да күшейіп келеді. Өңірдің көрікті жерлері туралы материалдар дайындайтын «Abay Life» ақпараттық ресурсы мен саяхатшылар арасында танымал тревел-блогерлердің жұмысы осы бағыттағы ақпараттық ілгерілетуге үлес қосуда.
Бұдан бөлек, Семей қаласы мен Жидебай, Қарауыл, Қоңыр әулие сияқты туристік нысандар республикалық медиакеңістікте де таныстырылуда. «Жібек жолы» телеарнасының «Таза қала» бағдарламасы Семейге арнайы келіп, өңірдің туристік мүмкіндіктеріне арналған шығарылым әзірледі.
Туризм бағыттарын әртараптандыру мақсатында Курчатов қаласындағы ғылыми-танымдық және тарихи туризмге де басымдық берілуде. VisitKurchatov.kz туристік агенттігі ұйымдастыратын маршруттар аясында саяхатшылар бұрынғы сынақ алаңына, Шаған аэродромына, сондай-ақ тиісті рұқсат болған жағдайда Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығының музейіне бара алады.
«Абай облысының туристік әлеуеті табиғи және тарихи-мәдени нысандармен ғана шектелмейді. Курчатовтағы ғылыми және ядролық мұраға негізделген бағыттар да өңірдің туризмін әртараптандыруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті басқарма басшысы.
Өңірде туристік маусымды жандандыратын мәдени іс-шаралар да тұрақты ұйымдастырылуда. Биыл Алакөл жағалауында «Алакөл алаулары – 2026» фестивалі өтіп, оның аясында концерттік бағдарламалар, мәдени іс-шаралар мен туристерге арналған түрлі ойын-сауық бағдарламалары ұсынылды.
Алдағы кезеңде Абай облысында туристік нысандарды дамыту, жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру, қауіпсіздік пен инфрақұрылым сапасын арттыру, сондай-ақ өңірдің туристік брендін республикалық және халықаралық деңгейде ілгерілету жұмыстары жалғасын табады.




