Түркі елдеріндегі туризм және PR

Түркі елдеріндегі туризм және PR

«TURKTIME: ТҮРКІ ЕЛДЕРІНІҢ МЕДИА ЖӘНЕ ТУРИЗМ БІРЛІГІ» тақырыбында өтіп жатқан форумға «Түркітілдес журналистер қоры» ҚҚ президенті, Дүниежүзілік шетелдік баспасөз ассоциациясы (WFPA) президенті Нәзия Жоямергенқызы, Түркия Республикасының Алматыдағы Бас консулы Эврен Мүдеррисоғлұ, Парламент Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп, «Түркі мәдениеті мен мұрасы» қорының президенті Ақтоты Райымқұлова, Мәдениет және ақпарат министрлігі БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаменті БАҚ саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру басқармасының басшысы Нұрбибі Жекен, Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының басшысы Айдар Есенбеков қатысты.

Сонымен қатар шараға арнайы келген шетелдік қонақтардың арасында Өзбекстандағы «Халык сузи» газетінің жауапты хатшысы Нурлан Усманов, Ұлыбританиядағы «Avrupa Media Holding» президенті Ватан Өз,Германиядағы Öztürk газетінің бас редакторы Аднан Озтурк, Түркиядан «Еуразиялық мәдениет және спорт ынтымақтастығы» қорының президенті Ахмет Түзүн бар. Ол елімізде өткен Көшпенділер ойындарына ерекше тоқталды. 

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: "Біз 10 жыл бұрын ойындарды алғаш рет ұйымдастырған қырғыз бауырларымызға алғысымызды білдіреміз. Дүниежүзілік Көшпенділер Ойындарын әлемдегі дәстүрлі спорт түрлерінің ең үлкен жарысы мен Олимпиадасы деп атауға болады. 5 мың жыл бұрын жылқыны қолға үйрету арқылы біз бүкіл әлемге тараған ат спорты мәдениетінің негізін қаладық" деді. Көріп отырғанымыздай, түркі әлемі өзінің тарихи, мәдени және табиғи байлығымен көрікті жерлердің орталығы. Осы себепті спорттық туризмін дамыту – біздің ортақ мақсатымызға айналуға тиіс. Спорттық туризм-бұл әлемдегі туризм шығындарының 10% - ын құрайды. Қазақстанға 2022 жылы 106 мың түрік азаматы және 2023 жылы 135 мың түрік азаматы келді, яғни кейінгі жылдарда туыс елдер арасындағы туристердің көші өсіп келеді. Ендігі жерде біз мұнымен тоқтап қалмай, медиа және туризм саласының мамандары ортақ іске жұмылып,. спорттық туризм жандануына өзіндік үлес қосуымыз керек», деді Ахмет Түзүн.

Түркі мемлекеттеріндегі PR және маркетинг құралдарын тиімді пайдалану арқылы туризм секторының дамуына ықпал ету туралы қаузалған маңызды бөлімде медиа және туризм мамандары мемлекеттік және жекеменшік құрылымдардың туристік PR-ды дамытудағы рөлін нақтылау, туристік маркетинг саласындағы мамандарды оқыту және кәсіби білігін арттыру, жобалар мен бағдарламаларды қаржыландыруға тоқталды. Сондай-ақ түркі әлемінде туризмді дамытудың бірлескен стратегиясын әзірлеу мен туристік маркетинг саласындағы мамандар арасында байланыс желісін құруға айырықша ден қою туралы ойларымен бөлісті.

Қатысушылар тәжірибелі мамандардан түркі елдеріндегі туризм секторының әлеуеті туралы ақпараттандыруды күшейту мен инфрақұрылымды дамытуға инвестициялар тартудың жолдарынан құлағдар болды.

Баяндамашылар қос салада да стандарттау және сапаға мұқият болу туралы айтты.Туризмдегі пиар саласындағы ортақ стандарттар. Әмбебап PR стратегияларын әртүрлі түркі мәдениеттерінің ерекшеліктеріне сәйкестендіріп бейімдеудегі қиындықтар. Туристік өнімді жасау және оларды танытуда мәдени нюанстарға дұрыс көңіл бөлмеу. Түркі елдеріне қатысты стереотиптер мен жаңсақ пікірлердің туризм мен пиарға кері әсері жайындағы ой-пікірлерін ортаға салды.


#Алматы, #медиа форум, #түркітілдесжурналистерқоры, #Нәзия Жоямергенқызы