"Ресми есеп беру жиындарын өткізуді доғарыңыздар": Премьер-министр әкімдердің жұмысын сынға алды
Премьер-министр Олжас Бектенов бүгінгі үкімет отырысында әкімдердің жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын сынға алды. Оның айтуынша, жылу орталықтарының істен шығу қаупі жоғары. Бұл туралы abaidan.kz тілшісі Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Үкімет басшысы мысал ретінде Маңғыстау мен Ұлытау облыстарын атады. Маңғыстау облысында 8 қаңтардан бері "МАЭК" ЖЭО-2, ал Ұлытаудағы Жезқазған ЖЭО қазандығын жөндеу жұмыстары әлі басталмаған.
"Әкімдерге айтарым, жылу маусымына ресми есеп беру кездесулерін өткізуді доғарыңыздар. Нысандарға өздеріңіз барып, жөндеу науқанының барысын қадағалаңыздар", – деді Олжас Бектенов үкімет отырысында.
Ол Қазақстанда жылу энергиясының шығыны өте жоғары екенін, кейбір өңірлерде көрсеткіш 20%-ға дейін жететінін атап өтті. Бұл жылу мен энергияны үнемдеуге деген көзқарастың дұрыс еместігін білдіреді. Премьер-министр әкімдіктерге жылу электр орталықтары, қазандық және электр желілерін сапалы жағдайға келтіру қажет екенін айтты. Сондай-ақ Олжас Бектенов үкімет мүшелеріне президенттің қауіпті аймақтағы 19 жылу көзін жаңғыртуды аяқтау туралы тапсырмасын еске салды. Премьер-министрдің айтуынша, Кентау мен Степногорск қалаларындағы МАЭК пен "Топар" электр станциясындағыдай, жағдайды қыста мәжбүрлі жөндеуге жеткізуге болмайды.
"Егер жұмысты аяқтау мерзімі кешіктірілсе немесе сапасы күткеннен төмен болса, меншік иелеріне де, әкімдіктерге де шара қолданылады", – деді үкімет басшысы.
Ол үкімет өз тарапынан барлық қажет қолдауды көрсетіп жатқанын, сондықтан жаз бойы келесі жылыту маусымына дайындық жұмысын қарқынды жүргізу керек екенін ескертті.