Заң мен тәртіп 28 қаралымabaidan.kz

Көршілер қарсы болса, жөндеу жүргізуге бола ма? Заңгер тұрғындардың құқығын түсіндірді

Көршілер қарсы болса, жөндеу жүргізуге бола ма? Заңгер тұрғындардың құқығын түсіндірді

Бұрғының даусы, бояу иісі, құрылыс шаңы мен жөндеу жұмыстарының басқа да "қызықтары" көршілер арасында жиі жанжал тудырады. Басқа тұрғындар сіздің өз пәтеріңіздегі жұмысты тоқтатуды талап ете ала ма және олар қай кезде үстіңізден шағым түсіре алады? Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне заңгер айтып берді.

Заң кеңесшісі Дана Жанәділдің айтуынша, көршіңіз сізге өз баспанаңызда жөндеу жүргізуге тыйым сала алмайды. Дегенмен, жөндеу жүргізу құқығы пәтер иесін құрылыс және санитарлық талаптарды сақтау, ортақ мүлікке зақым келтірмеу және өзге тұрғындардың құқықтарын бұзбау міндетінен босатпайды.

Косметикалық жөндеу және қайта жоспарлау: айырмашылығы неде?

Қабырғаларды бояу немесе тұсқағаздарды ауыстыру сияқты әдеттегі косметикалық жұмыстар үшін, ереже бойынша, көршілердің келісімі қажет емес. Алайда егер жөндеу жұмыстары тіреуіш конструкцияларға, жалпы үйлік инженерлік желілерге әсер етсе немесе қайта жоспарлауды қарастырса, онда басқа талаптар күшіне енеді.

Атап айтқанда, "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңның 40-бабында үй-жайды қайта жабдықтау және қайта жоспарлау меншік иесінің шешімі бойынша және сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамаға сәйкес жоба болған жағдайда жүргізілетіні қарастырылған.

Егер өзгерістер ортақ мүлікке қатысты болса, қосымша келісімдер қажет болуы мүмкін.

Шулы жөндеу үшін қашан айыппұл салынуы мүмкін?

Шулы құрылыс жұмыстары да заңмен шектелген. "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Кодекстің 113-бабының 8-тармағына сәйкес, тұрғын ғимараттар мен тұрғын үй құрылысы аймақтарында шу деңгейі жоғары қызмет жұмыс күндері сағат 22:00-ден 09:00-ге дейін, ал демалыс және мереке күндері 23:00-ден 10:00-ге дейін шектеледі.

Тыныштықты бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 437-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Бірінші рет бұзғаны үшін айыппұл көлемі:

  • жеке тұлғалар үшін - 5 АЕК (2026 жылы 21 625 теңге);

  • шағын кәсіпкерлік субъектілері немесе коммерциялық емес ұйымдар үшін - 20 АЕК (86 500 теңге);

  • орта кәсіпкерлік субъектілері үшін - 30 АЕК (129 750 теңге);

  • ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін - 100 АЕК (432 500 теңге).

Егер мұндай құқық бұзушылық әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл мөлшері артады:

  • жеке тұлғалар үшін - 10 АЕК (43 250 теңге);

  • шағын кәсіпкерлік субъектілері немесе коммерциялық емес ұйымдар үшін - 40 АЕК (173 000 теңге);

  • орта кәсіпкерлік субъектілері үшін - 60 АЕК (259 500 теңге);

  • ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін - 150 АЕК (648 750 теңге).

Заңгердің айтуынша, егер сіз күндіз жиһаз ауыстырып немесе қабырға бояп жатсаңыз, көршіңіз оған жай ғана ұнамағаны үшін тыйым сала алмайды.

Бірақ егер жұмысшылар қабырғаны 23:00-ден кейін бұрғыласа немесе құрылыс жұмыстары кезінде жалпы үйлік тірекке (стояк) зақым келтірсе, тұрғындардың құқық бұзушылықты тоқтатуды талап етуге және құзырлы органдарға жүгінуге толық негізі болады.

Жөндеу кезінде көршілермен қалай дауласпауға болады?

Жағдайды жанжалға дейін жеткізбеу үшін заңгер көршілерге шулы жұмыстардың мерзімі туралы алдын ала ескертуді, құрылысшылардан белгіленген тыныштық сағаттарын сақтауды сұрауды және қайта жоспарлаудың көтергіш конструкциялар мен инженерлік желілерге әсер етпейтініне көз жеткізуді ұсынады.

Егер көршіңіз жөндеуді тоқтатуды талап етсе, одан нақты себебін түсіндіруді сұраған жөн. Бұл тыйым салынған уақыттағы шу, ортақ мүліктің зақымдануы немесе қайта жоспарлауға қажетті құжаттардың болмауы болуы мүмкін.

Көршінің жөндеу жұмыстарына көңілі толмауының өзі ғана жұмысты тоқтатуға негіз бола алмайды.