Заң мен тәртіп 16 қаралымabaidan.kz

«Заң мен тәртіп»: Абай облысында салық берешегін өндіріп алу бойынша 2 818 рейд жүргізілді

«Заң мен тәртіп»: Абай облысында салық берешегін өндіріп алу бойынша 2 818 рейд жүргізілді

Абай облысында жеке тұлғалардың жергілікті салықтар бойынша берешегі 557 млн теңгені құрайды. Берешекті азайту және өндіріп алу бағытында жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 2 953 азамат жалпы сомасы 297,5 млн теңге қарызын өтеген. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Абай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Түсіндіру жұмыстары және Байланыс орталығы басқармасының басшысы Асем Тұрлыбекова  мәлімдеді.

Спикердің айтуынша, 2026 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша көлік құралдары салығы бойынша 6 240 азаматтың 536,2 млн теңге берешегі бар. Оның 77,7 пайызы Семей қаласының тұрғындарына тиесілі. Ал мүлік және жер салықтары бойынша берешек 20,8 млн теңгені құрайды.

«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында салық міндеттемелерін орындау және берешекті өндіріп алу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Азаматтардың салықты уақытылы төлеуі – заң талаптарын сақтаудың маңызды бөлігі. Сондықтан берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу шараларына жеткізбей, оны ерікті түрде өтеу маңызды», – деді Асем Тұрлыбекова.

Берешекті өндіріп алу мақсатында мемлекеттік кірістер органдары полиция және жеке сот орындаушыларымен бірлескен жұмыстар атқаруда. Осы бағытта «Сергек – Қорғау» жүйесінің мүмкіндіктері де пайдаланылуда.

Жалпы, бірлескен іс-шаралар аясында 2 818 рейд өткізіліп, нәтижесінде 2 953 борышкер берешегін өтеген. Сонымен қатар 4 көлік құралы мамандандырылған тұраққа қойылды.