Абай облысы бойынша жазғы кезеңдегі судағы қауіпсіздік мәселелері.

Абай облысы бойынша жазғы кезеңдегі судағы қауіпсіздік мәселелері.

Облыс бойынша шомылуға тыйым салынған су объектілерінде 70 орын және шағын көлемді кемелерде жүзуге тыйым салынған 2 орын анықталған,- деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Азамат Орымбаев баяндады.

Сондай- ақ спикер облыс аумағында (әкімдіктің 01.06.23 ж. №104 қаулысы) жаппай демалуға арналған 8 орын, оның ішінде 4 коммуналдық жағажай, Семей қаласында 2 («Заря» жағажайы және «Пристань» ауданындағы қалалық жағажай), Бесқарағай ауданында 1 орын (Шошқалы көлі), Мақаншы ауданында 1 орын (Алакөл көлі) белгіленгенін атап өтті.

- Курчатов қаласында және Бородулиха ауданының Бородулиха ауылында коммуналдық жағажай ашу жұмыстары жоспарлануда. Сонымен қатар тыйым салынған су объектілерінде профилактикалық жұмыстар жүргізілді. Қазіргі күнге дейін барлығы 113 профилактикалық материал жарияланды, - деп атап өтті  Азамат Орымбаев.

Шомылу маусымы басталғаннан бері су айдындарында 500 - ден астам рейд жүргізіліп, соның аясында 193 мың теңге сомасына 412-бап бойынша әкімшілік жауапкершілікке 15 адам тартылған.

- Биыл су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қайықтарда 8 құтқару патрулінің кезекшілігі ұйымдастырылды, 28 жаяу патруль (2 адамнан) қойылды. Шомылу маусымы басталғаннан бері атқарылып жатқан жұмыстарға қарамастан, ағымдағы жылы Аягөз өзенінде 9-сынып оқушысы суға батып кетті, және де 4 адам құтқарылды, -деп қорытындылады спикер.

2023 жылы шомылу маусымы кезеңінде облыстың су айдындарында 15 адам (оның ішінде 3 бала) суға батып, 13 адам құтқарылған. Статистикалық мәліметтерге сәйкес судағы оқиғалар көп жағдайда адамның кінәсінен, өз күштерін қате бағалау, мас күйінде болу және балаларды ересектердің қарауынсыз қалдыру нәтижесінде болған. Осыған байланысты брифинг соңында спикер азаматтар үшін, сондай-ақ ресми шомылу орындарының иелері үшін қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды ескертті.


#Семей, #Абай облысы, #су, #балалар, #Ертіс өзені