Конституция 39 қаралымabaidan.kz

Конституция – ел дамуы мен кәсіпкерлікке берік негіз

Конституция – ел дамуы мен кәсіпкерлікке берік негіз

Қазақстан Республикасының Конституциясы – еліміздің басты құқықтық құжаты, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілі. Оның мәні тек мемлекеттік басқару жүйесін айқындаумен шектелмейді. Конституция әр азаматқа еңбек етуге, өз кәсібін дамытуға, меншікке ие болуға және елдің қоғамдық-экономикалық өміріне белсенді араласуға мүмкіндік беретін құқықтық негіз қалыптастырады.

Ұлттық өнім өндірумен айналысатын кәсіпкер ретінде Конституцияның қоғам өміріндегі маңызын күнделікті еңбегімізден анық сезінемін. Отандық өнім шығару – бір жағынан кәсіпкерлік қызмет болса, екінші жағынан ел экономикасына, жұмыспен қамтуға және ұлттық құндылықтарды сақтауға қосылған үлес деп білемін.

Менің ойымша, кәсіпкер үшін ең маңызды құндылықтардың бірі – өз еңбегінің нәтижесін ел игілігіне жарата алу мүмкіндігі. Бүгінде әйелдер бизнестің түрлі саласында еңбек етіп, өндіріс орындарын ашып, жаңа жұмыс орындарын құрып, отандық тауарлардың сапасын арттыруға өз үлесін қосып келеді.

«Конституция бізге тек құқық беріп қана қоймай, қоғам алдындағы жауапкершілігімізді де сезіндіреді. Кәсіпкер ретінде мен үшін өз ісімді адал жүргізу, сапалы ұлттық өнім өндіру және тұтынушы сенімін ақтау – елге қызмет етудің бір жолы», – дейді ұлттық өнім өндіретін компанияның директоры Раушан Мұқажанова.

Ұлттық өнімнің дамуы – мемлекеттің экономикалық қуатымен тығыз байланысты. Жергілікті кәсіпорындардың көбеюі жаңа жұмыс орындарын ашуға, мамандардың тәжірибесін арттыруға және отандық өндірістің бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге ықпал етеді.

Кәсіпкердің пікірінше, әсіресе жастарға еңбек пен кәсіпкерліктің мүмкіндіктерін көрсету маңызды.

«Жастар өз елінде еңбек етіп, өз идеясын жүзеге асыра алатынына сенуі керек. Кәсіп бастау – тек табыс табудың жолы емес, жауапкершілік пен табандылықты талап ететін үлкен еңбек. Егер әрқайсымыз өз ісімізге адал қарап, қоғамға пайдалы өнім мен қызмет ұсынсақ, елдің дамуына өз үлесімізді қосамыз», – дейді Раушан Мұратханқызы.

Конституцияда адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына ерекше мән берілуі – мемлекет дамуының басты қағидаларының бірі. Ал сол құқықтарды тиімді пайдаланып, еңбек ету, білім алу, кәсіп бастау және қоғамға пайда келтіру – әр азаматтың өз мүмкіндігін жүзеге асыруына байланысты.

Ұлттық өнім өндіретін кәсіпкерлер үшін елдің экономикалық болашағы мен тұрақтылығы ерекше маңызды. Себебі өндірістің дамуы тек кәсіп иесіне емес, оның қызметкерлеріне, олардың отбасыларына және тұтас өңірдің әлеуметтік жағдайына әсер етеді. Сондықтан Конституцияны құрметтеу – оның қағидаларын білу ғана емес, сол қағидалар қалыптастырған мүмкіндіктерді ел игілігіне пайдалану деп түсінемін. Өз кәсібін дамытып, сапалы өнім шығарып, жұмыс орындарын ашып жүрген әр кәсіпкердің еңбегі – Қазақстанның экономикалық дамуына қосылған нақты үлес.

Еліміздің басты құндылығы – адам және оның еңбегі. Ал еңбекті бағалайтын, кәсіп бастауға мүмкіндік беретін және азаматтардың құқықтарын қорғайтын құқықтық орта – тұрақты дамудың маңызды негізі. Конституция осы құндылықтарды біріктіріп, әр азаматқа өз болашағын қалыптастыруға мүмкіндік береді.