Абай облысында 156 мопед жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылған
Ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап мопедтер көлік құралдарына теңестірілді және оларды міндетті түрде мемлекеттік тіркеуден өткізу қажет. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз маслихатында Абай облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасы бастығы, полиция полковнигі Бауыржан Омаров баяндады.

- Мопедті басқару үшін енді бірнеше талаптар бекітілді. Көлік мемлекеттік тіркеуден өткізіліп, техникалық байқаудан өтуі, сақтандыру полисі рәсімделуі және жүргізушінің А, А1 немесе В санатындағы куәлігі болуы қажет. Тіркеу үшін азаматтар тұрғылықты жері бойынша арнайы ХҚКО-ға барып, жеке куәлігі мен мопедтің техникалық құжатын (немесе сипаттамасын) ұсынуы тиіс. Сонымен қатар көлік тексеруден өтіп, мемлекеттік баж салығын төлеуі қажет, - деп атап өтті спикер.
Сондай-ақ, облыс бойынша бүгінде 1017 мопед тіркелген, оның ішінде ең көбі Семей қаласында (545) және Үржар ауданында (92). 2024 жылдың 5 сәуірінен бері 156 мопед жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылған, 49-ы мас күйде, 66-сы жүргізу куәлігінсіз көлік басқарған. Сонымен қатар, 6 адам сақтандырусыз, 4 адам техникалық байқаудан өтпей жүргені үшін жауапқа тартылды. Мопед қатысқан бір жол апаты тіркеліп, 2 адам жарақат алған.