Абай облысында 300 келіден астам есірткі заттары тәркіленді

Абай облысында 300 келіден астам есірткі заттары тәркіленді

Абай облысында жыл басынан бері заңсыз айналымнан 303 келіден астам есірткі және психотроптық заттар тәркіленді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Абай облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Берікжан Абылғазинов мәлімдеді.

Спикердің сөзінше, ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында облыс аумағында 55 есірткі қылмысы мен 61 әкімшілік құқықбұзушылық тіркелген. Оның ішінде 44 дерек есірткі және психотроптық заттарды өткізуге қатысты болса, 30-ы аса ауыр санаттағы қылмыстарға жатады.

– Тәркіленген заттардың басым бөлігін марихуана, гашиш және синтетикалық есірткілер құрайды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда анықталған деректер саны үш есеге артқан, – деді Берікжан Абылғазинов.

Сонымен қатар, «Қарасора–2025» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы шеңберінде бір айдың ішінде 22 құқықбұзушылық фактісі анықталып, айналымнан 155 келіден астам есірткі заты тәркіленген. Сондай-ақ Шу, Алматы және Павлодар бағыттарынан есірткі жеткізудің үш арналарының жолы кесіліп, 19 тұлға қамауға алынған.

Полиция өкілінің айтуынша, есірткіге қарсы күрес тек қылмыстық іс-шаралармен шектелмей, алдын алу бағытында да тұрақты жүргізілуде.

– Жыл басынан бері облыс аумағында 273 профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды. Оның ішінде оқу орындарында түсіндіру дәрістері, деректі фильмдер көрсетілімі, сондай-ақ «Спорт – есірткіге қарсы!» ұранымен флешмобтар мен жастармен кездесулер өткізілді, – деп түйіндеді спикер.


#заң, #Абай облысы, #Полиция, #есірткі