Абай облысында киберқылмыстарға қарсы күрес орталығы ашылды
Абай облысында Затон полиция бөлімінде жаңа Киберорталықтың салтанатты ашылуы өтті. Бұл заманауи орталық киберқылмыстарға жедел әрекет ету және ақпараттық қауіпсіздік саласындағы болашақ мамандарды даярлау үшін маңызды алаң болмақ.
Жоба Alikhan Bokeikhan University-дің құқық факультетінің қылмыстық-құқықтық пәндер кафедрасының қолдауымен жүзеге асырылды. Ол 25 кәсіби полиция қызметкері мен студенттердің күш-жігерін біріктіріп, олардың білімдерін практикада қолдануға мүмкіндік береді.Цифрлық жаңашылдықтың аймақтық алғы шебі Киберорталық интернет алаяқтық, хакерлік шабуылдар, жеке мәліметтердің ұрлануы және зиянды бағдарламалық қамтамасыз етудің таралуы сияқты қауіптермен күресуге бағытталған. 2024 жылы облыста интернет алаяқтықтың 597 жағдайы тіркеліп, оның 78 ісі сотқа жіберілді.
– Киберорталықтың құрылуы – киберқауіптер өсіп жатқан заманда қажет қадам. Біз енді цифрлық ортадағы қауіп-қатерлерге жедел әрекет етіп, азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге дайынбыз, – деп атап өтті ПД бастығының орынбасары полиция полковнигі Елдос Закимов.
Ашылу рәсімінде Абай облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің өкілдері мен журналистердің қатысуымен баспасөз туры өтті. Шара қонақтары заманауи жабдықтарды және орталықтың жұмысын ұйымдастырудағы бірегей әдісті бағалады.
Ашылу салтанатында Абай облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Бектөре Сұлтан мен Alikhan Bokeikhan University президенті Шырын Құрманбаева ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл қадам білім беру мекемелері мен құқық қорғау органдары арасындағы серіктестікті нығайтып, білікті мамандарды даярлау үшін жағдай жасайды.
– Киберорталық біздің студенттер үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Мұндай жағдайда тәжірибелік жұмыс жүргізу цифрлық әлемге қажетті нағыз мамандарды даярлауға мүмкіндік береді, – деп атап өтті Шырын Құрманбаева.
Киберорталықтың ашылуы – жай ғана шара емес, цифрлық технологиялар дәуірінде аймақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін стратегиялық қадам. Орталық – білім, тәжірибе және инновация қоғам игілігі үшін қызмет ететін орын болмақ.