Абай облысында құқықтық сауаттылықты арттыруға арналған кездесуге 300-ге жуық студент қатысты
Абай облысында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру және заң талаптарын түсіндіру мақсатында Шәкәрім университетінде «Қауіпсіз орта және жарқын болашақ» тақырыбында ауқымды кездесу өтті. Іс-шараға Абай облысы Полиция департаментінің, Экономикалық тергеу департаментінің, прокуратураның және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысып, 300-ге жуық тыңдаушы қамтылды.
Кездесу барысында Абай облысы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Бауыржан Омаров қазіргі қоғамның цифрландыру дәуіріне қадам басқанын атап өтті. Оның айтуынша, заманауи технологиялар күнделікті өмірді жеңілдетумен қатар, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды тетігіне айналып отыр. Цифрлық шешімдер, үлкен деректер мен жасанды интеллект мемлекеттік басқаруда жедел әрі нақты шешімдер қабылдауға мүмкіндік беріп, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауда елеулі рөл атқаруда. Сонымен қатар, Мемлекет Басшысының жасанды интеллектіні қоғам дамуының негізгі құралдарының бірі ретінде айқындағаны айтылып, оның жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі практикалық тиімділігіне ерекше назар аударылды. Іс-шара аясында интернет алаяқтықтың алдын алу мәселелері де көтерілді. Құқық қорғау органдарының өкілдері желі арқылы жасалатын қаржылық алаяқтық түрлерінің көбейіп келе жатқанын атап өтіп, белгісіз сілтемелерге өтпеу, жеке деректерді үшінші тұлғаларға бермеу және күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға сақтықпен қарау қажеттігін түсіндірді. Сондай-ақ, жасанды интеллект технологияларының теріс мақсатта қолданылу қаупі, оның ішінде дипфейк бейнематериалдар мен жалған аудио жазбалар арқылы адамдарды адастыру жағдайлары талқыланды. Мұндай тәсілдер азаматтардың ар-намысы мен іскерлік беделіне нұқсан келтіріп қана қоймай, құқықтық салдарға да әкелуі мүмкін екені ескертілді.
Кездесу барысында жол-көлік оқиғаларының салдарына да тоқталды. Әрбір оқиға жай ғана статистикалық дерек емес, нақты адам тағдырымен байланысты екені айтылды. Мамандардың зерттеулеріне сәйкес, көлік құралын 6–7 сағат бойы үздіксіз басқару апат қаупін едәуір арттырады, ал 8–10 сағаттан кейін қауіп деңгейі аса жоғары шекке жетеді. Бұл деректер жылдамдық пен шаршаудың адам өміріне төндіретін қатерін айқын көрсетеді.
Іс-шара қорытындысында жастарды заң талаптарын сақтауға, цифрлық кеңістікте қауіпсіздік ережелерін ұстануға және жеке жауапкершілікті арттыруға шақыру жасалды.
#Семей, #заң, #Абай облысы, #Құқықтық тәртіп