Абай облысында полицейлер есірткі затын заңсыз сақтаған ауыл тұрғынын ұстады
Абай облысының полицейлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында есірткі заттарын заңсыз сақтау фактісін анықтады,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.Ақпаратқа сәйкес, Канонерка ауылының тұрғыны тыйым салынған заттарды сақтаған. Шұғыл тінту кезінде 46 жастағы ер адамның күртесінің ішкі қалтасынан ерекше иісі бар, қою жасыл түсті өсімдік тектес зат салынған қағаз орама табылды. Сыртқы қалтасынан да ұқсас заттың шашыраңқы түрі анықталды.

Сонымен қатар, тұрғын үй аумағын тінту барысында шаруашылық құрылысынан тағы бір қағаз орама табылды, оның ішінде де қою жасыл түсті өсімдік тектес зат болған. Басқа бір құрылыстан да өсімдік тектес заттың шашыраңқы түрі анықталды. Үйде, еден астындағы жертөледен көлемі 0,5 литр болатын екі әйнек банка табылып, олардың ішіне дәл сол заттың салынғаны анықталды.
Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген заттың жалпы салмағы 890,05 грамм құрғақ марихуана болып шықты.
Аталған факті бойынша күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктіге келу міндеттемесі жүктелді.
#заң, #Абай облысы, #Полиция, #есірткі