Абай облысында тұтынушылар құқығы белсенді қорғалуда
2025 жылдың басынан бері Абай облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті 800-ден астам азаматқа көмек көрсеткен, деп хабарлайды абайдан ақпараттық агенттігі Абай облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне сілтеме жасап. Нәтижесінде тұтынушыларға ақшалай қаражаттары қайтарылып, сапасыз тауарлар ауыстырылған.
- Өтініштердің көпшілігі бөлшек сауда, тұрмыстық техника және онлайн саудаға қатысты болды. Департамент мамандары мәселелердің басым бөлігін сотқа жеткізбей, жазбаша наразылық арқылы шешуге жәрдемдесті. 400-ден астам тұтынушы дауын бейбіт түрде шеше алды,-дейді Серікхан Нұртазин Абай облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы.
Барлық жұмыс «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңның 42-4-бабына сәйкес жүргізіледі. Бұл бапқа сай, тұтынушы тауарда немесе қызметте кемшілік анықталса, сатушыға жазбаша наразылық білдіруге құқылы. Ал сатушы 10 күн ішінде жауап беруі тиіс. Жауап бермеу — әкімшілік құқық бұзушылық. Биыл наразылыққа жауап бермегені үшін 12 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Өтініштердің 18 %-ке артуы тұрғындардың құқықтық сауаттылығының өскенін көрсетеді.
Абай облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті тұтынушыларға құқық бұзушылық анықталған жағдайда сатушыға (дайындаушыға, орындаушыға) жазбаша наразылық білдіру құқығын пайдалануға кеңес береді.