Абай облысында «Заң және Тәртіп» қағидасы аясында кездесу өтті
Облыстық Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері әскери полиция басқармасының жеке құрамына арнайы кездесу өткізді.

Шара барысында экономика мен киберкеңістіктегі мәселелер қаралды. Атап айтқанда, қаржы пирамидаларының негізгі белгілері және оларды анықтаған жағдайда әрекет ету тәртібі, лудоманияның (ойынға тәуелділік) салдары мен оның азаматтардың қаржылық жағдайына ықпалы, интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлері және одан қорғану жолдары айтылды.
Абай облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істері жөніндегі жедел уәкілі Мадина Намазакова алдын алу шараларының маңыздылығын ерекше атап өтті.

- Қаржы пирамидаларының негізгі белгілеріне – жоғары табысқа уәде беру, нақты өнім мен қызметтің болмауы, жаңа салымшыларды тартуға итермелеу, салынған қаражатты қайтару шарттарының түсініксіздігі және қаржылық қызметке рұқсат беретін лицензияның болмауы жатады. Мұндай жобалар, көбінесе, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы және ықпал ете алатын жеке тұлғалар арқылы таралады. Осындай жағдайлардың алдын алу мақсатында бүгін арнайы кездесу өткізіп отырмыз, - деді спикер.
Департамент тарапынан өңірдің қаржылық қауіпсіздігін нығайту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда.
#заң, #Абай облысы, #Құқықтық тәртіп