Абай облысында жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу шаралары күшейтілді
Өңірде кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған кешенді іс-шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте Абай облысы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Бауыржан Садақбаев баяндады.
Облыс бойынша мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында барлығы 2164 лекция өткізілді. Сонымен қатар интернет желілерінде 884 ақпараттық материал жарияланып, профилактикалық мазмұндағы акциялар мен кездесулер ұйымдастырылды. Жасөспірімдердің арасында тәртіп бұзудың алдын алу үшін полиция қызметкерлері «Құқық тәртібі», «Жасөспірім» республикалық және жергілікті деңгейдегі екі ірі шара мен «Антибуллинг» акциясын өткізді, – деді Бауыржан Садақбаев.
Спикердің айтуынша, аталған шаралар аясында ювеналды полиция қызметкерлері мен жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен түнгі уақытта заңды өкілдерсіз жүрген 1988 жасөспірім ұсталып, олардың 170 заңды өкілі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ көңіл көтеру орындарында жасөспірімдердің заңсыз қатысуына жол берген 45 мекеме иесіне де әкімшілік шара қолданылды.
Бұдан бөлек, есепке алынған жасөспірімдермен профилактикалық жұмыстар жалғасуда. Биылдың өзінде облыс бойынша 64 жасөспірім түрлі санат бойынша ювеналды тіркеуге алынып, тәртібі мен мінез-құлқы бақылауда ұсталып отыр.
#заң, #Абай облысы, #Жасөспірім