Абай облысында жастар арасындағы құқық бұзушылыққа қарсы шаралар күшейтілді

Абай облысында жастар арасындағы құқық бұзушылыққа қарсы шаралар күшейтілді

Абай облысында жастар арасындағы құқық бұзушылық деңгейіне қатысты кешенді талдау жүргізіліп, профилактикалық шаралар күшейтілуде.  Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Абай облысы полиция департаментінің Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Ержан Ақбаев толығырақ баяндады.

- Ағымдағы жылы 18–35 жас аралығындағы шартты түрде «Жастар» санатына жатқызылған тұлғалар 489 құқықбұзушылық жасаған. Тіркелген қылмыстың 51 %-ы мүлікке қатысты, 25 %-ы адамға қарсы қылмыстар, қалғандары өзге баптар бойынша есепке алынды. Бұл санаттағы жастардың 85,6 %-ы ер адамдар болса, 80 %-дан астамының тұрақты жұмысы жоқ, – деді Ержан Ақбаев.

Студенттер арасында да құқық бұзушылық фактілері тіркелген. Жоғары оқу орны студенттері 3 қылмыс, колледж студенттері 3 қылмыс жасаған.

- Есірткі қылмыстарында да жастардың үлесі айтарлықтай жоғары. Анықталған 25 фактінің 17-сі 18–35 жас аралығындағы азаматтарға тиесілі, оның ішінде 9 адам тыйым салынған заттарды «закладка» арқылы таратқан. Биыл өңірде 415 килограмм 714 грамм есірткі заттары тәркіленді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда едәуір өсім көрсетеді. Қазіргі уақытта есірткі қылмыстарына қарсы мониторинг пен профилактика жұмыстары белсенді жүргізіп жатырмыз, – деп атап өтті подполковник.

Сонымен қатар, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта қараусыз жүруіне қатысты заң талаптары басты назарда. Биылғы рейдтер барысында балалардың қауіпті жерлерде болмауын қамтамасыз ету мақсатында көшелерде, ойын-сауық орталықтарында тұрақты тексерулер жүргізілген.


#заң, #Абай облысы, #Полиция