Абай облысындағы балалар үйінің басшылығы 6 миллион теңге жымқырған
Абай облысы Үржар ауданының прокуратурасы Науалы балалар үйінің әкімшілігі қызметкерлерінің бюджет қаражатын 6 миллион теңгеден астам сомаға ұрлау фактісін анықтады. Бұл туралы Абай облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады. Балалар үйінің директоры мен бас бухгалтері өздеріне жоғары жалақы төлеген, жоғары сыйлықақылар мен іссапар шығындарын тізімдеген. Жымқыру штат кестесі мен қазынашылық есептерді салыстыру барысында белгілі болған. Онда тиісті жалақы мен нақты төленген жалақы арасындағы айырмашылық анықталған. Сонымен қатар, жұмыс істемейтін адамдарға жалақы төленген. Балалар үйі басшылығының заңсыз әрекеттерінің нәтижесінде мемлекетке залал келтірілді. Аталған факті бойынша прокуратура Қылмыстық кодекстің 189-бабы 3-бөлігінің 2, 3-тармақтары бойынша қылмыстық іс қозғады. Істі сотқа дейінгі тергеу сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке тапсырылған. Осы баптың санкциясы белгілі бір лауазымдарды атқаруға немесе белгілі бір қызметпен айналысуға тыйым сала отырып, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыруды қарастырады.