Абай облысындағы түрмеде адам өлімі болғаны рас - Игорь Лепеха
ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха Абай облысындағы түрмеде сотталғандардың жаппай пышақтасқаны жайлы түсінік берді, деп хабарлайды abaidan.kz тілшісі Kazinform -ға сілтеме жасап.
«Иә, онда (Абай облысындағы бұрынғы орган қызметкерлері отыратын түрмеде - ред.) расымен кісі өлімі болды. Ол (жазасын өтеуші - ред.) пышақты өзі жасап алған. Өкінішке қарай, бұл - біздің қызметкерлердің салғырттығы. Бейнебақылау камераларын қарап шықтық. Сол сәтте онда екі адам ғана болған, бөтен ешкім жоқ. Екеуі де – жазасын өтеуші, бірақ камералас емес. Оқиға күндіз болған. Басқа егжей-тегжейін айта алмаймын. Бұл іс бойынша қылмыстық іс қозғалды. Біздің қызметкерлер жауапкершілікке тартылды. Бұл мекеме бойынша тексеріс жүріп жатыр», - деді Игорь Лепеха.
Айта кетсек, Семей қаласындағы №19 колонияда ҰҚК төрағасының экс-орынбасарлары Дәулет Ерғожин мен Әнуар Садықұлов, ҰҚК Алматы қаласы бойынша департаментінің бұрынғы бастығы Нұрлан Мажилов және қорғаныс экс-министрі Мұрат Бектанов жазасын өтеп жатыр.
Kazinform редакциясы осы оқиға туралы хабар алған бойда Абай облысы бойынша ҚАЖД-дан ақпарат сұраған болатын. Алайда, Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бұл фактіні жоққа шығарған еді.