Адвокаттың қызметіне кедергі келтірген меморган өкіліне 140 мың теңге айыппұл салынады

Адвокаттың қызметіне кедергі келтірген меморган өкіліне 140 мың теңге айыппұл салынады

Енді адвокаттың тергеу шараларына қатысуын жасанды шектейтін қылмыстық процесті жүргізетін орган қызметкерлеріне 140 мың теңгеге жуық айыппұл салынады, деп хабарлайды abaidan.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Соттардың, прокуратураның және қылмыстық процесті жүргізетін органдардың әкімшілік ғимараттарына еркін қолжетімділік ұсынбаудан не тапсырманы орындау кезінде техникалық құралдарды пайдалану құқығын шектеуден не адвокаттың клиентпен кездесуі мен қарым-қатынасының құпиялылығын қамтамасыз ететін жағдайларды қамтамасыз етпеуден көрінетін, адвокаттың не адвокаттар алқасының, заң консультациясының, адвокаттық кеңсенің заңды қызметін жүзеге асыруға кедергі жасау немесе адвокаттардың заңды қызметіне кедергі келтіруге бағытталған өзге де іс-әрекеттер, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлерi болмаса - жеке тұлғаларға – 20 (69 000 теңге) , лауазымды адамдарға – 30 (103 500 теңге) және заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлерге - 40 (138 000 теңге) АЕК айыппұл салуға алып келеді», - делінген Мәжіліс депутаттарының бастамасымен өзгеріс енгізу ұсынылған ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексініңжаңа редакциясында.

Ал, егер адвокатқа қатысты осы әрекеттер қайталанып жасалса, онда айыппұл сомасы артады. Атап айтқанда, жеке тұлғаларға – 30 (103 500 теңге), лауазымды адамдарға қырық және заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлерге – 50 (172 000 теңге) АЕК көлемінде айыппұл салынады.


#заң