Агенттік төрағасы Дархан Жазықбаев Абай облысында болды

Агенттік төрағасы Дархан Жазықбаев Абай облысында болды

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев Абай облысына жұмыс сапарымен келіп,  өңір басшылығымен, жергілікті мемлекеттік қызметшілермен және жастармен бірқатар кездесулер өткізді,,-деп хабарлайды abaidan.kz тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Өңірдің мемлекеттік қызметшілерімен кездесуде ведомство төрағасы ашық, әділ және адамға бағдарланған мемлекеттік аппаратты қалыптастыру бағытында Агенттікпен іске асырылып жатқан шараларға тоқталды. Олардың ішінде қоғамның сұраныстарын негізге ала отырып, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, мемлекеттік қызметке кіру кезінде артық кедергілерді жою және одан «шығу» тәртібін жеңілдету, бес мемлекеттік органда іріктеудің жаңа жүйесін іске асыру, сондай-ақ мемлекеттік қызметті өткеру жағдайларын жақсарту.

Сапар аясында Дархан Жазықбаев ашылуына алты ай болған ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы филиалының жұмысымен танысты. Бүгінде филиалөңірдегі мемлекеттік қызметшілердің біліктілігі мен кәсіби даярлығын арттыруда маңызды рөл атқарып отыр.

Сондай-ақ Агенттік басшысы жергілікті халыққа мемлекеттік қызметтер көрсететін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Абай облысы бойынша филиалының қызметімен танысты. Атап өту керек, 2023 жылдың 1 жартыжылдығында Абай облысында 3,3 млн мемлекеттік қызмет көрсетілген. Агенттік қызмет көрсету сапасын арттыру үшін қызмет алушылардың шағымдарын күтпестен мемлекеттік қызметтерге қашықтықтан проактивті мониторинг жүргізеді.

Шәкәрім атындағы университетте Дархан Жазықбаев жастар және жас мемлекеттік қызметшілермен кездесті. Кездесу барысында ол мемлекеттік қызметке жас және талантты кадрларды тарту, оның ішінде Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу мәселелеріне тоқталып, бүгінгі таңда мемлекеттік қызметке инновациялық және креативті ойлайтын жас мамандар қажет екенін ерекше атап өтті.

«Мемлекеттік қызметке келуде басты мақсат жеке мансаптық амбицияларға емес, ең алдымен қоғамдық мүдделерге негізделуі керек. Абай атамыз «Пайда ойлама ар ойла», ал Шәкәрім атамыз «Адамдық борышың – халқыңа еңбек қыл» деген. Осы тағылымды сөздерден үлгі алып, өмірлік қағидаға айналдыруға болады», - деп қорытындылады Агенттік төрағасы.

Кездесуге қатысушыларды мемлекеттік қызметте ашық және әділ ілгерілету мәселелері қызықтырды. МҚІА басшысы дәстүрге айналған реттілік бойынша университетке кітаптар табыстады.

Жұмыс сапарының соңында Дархан Жазықбаев Агенттіктің заңнамалық бастамаларын іске асыру және алдағы жоспарлары туралы «Semei» телеарнасына сұхбат берді.


#заң, #Абай облысы