«AMANAT» партиясының «111» шұғыл қоңырау қызметі бала құқықтарын қорғауға берілді

«AMANAT» партиясының «111» шұғыл қоңырау қызметі бала құқықтарын қорғауға берілді

Аманаттың «111 байланыс орталығы» Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне берілді. Тиісті меморандумға ведомство басшысы Бағдат Мусин, «Аманат» партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек және Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева қол қойды. Енді шұғыл қызмет «Азаматтарға арналған үкімет» базасында жұмыс істейтін болады. Айта кетейік, 111 байланыс орталығы 2020 жылы іске қосылған. Осы уақытқа дейін шұғыл қызмет мамандары 50 мыңға жуық отбасына көмек көрсеткен.


«Amanat» партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібектің атап өткеніндей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында бірыңғай сенім телефонын ұйымдастыру және зорлық-зомбылыққа, қысымға, яғни буллингке тап болғандарға көмек көрсетуге арналған бағдарлама әзірлеу міндетін қойған болатын. Бұл ретте, 2020 жылдың қыркүйегінен бері «AMANAT» партиясы жанындағы «Бақытты отбасы» жобасы аясында балалардың құқықтары бұзылған және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары бойынша «111 шұғыл қызмет» желісі жұмыс істеп келді. Президент тапсырмасын орындау мақсатында бүгіннен бастап қазақстандықтар тәулік бойы тегін жұмыс істейтін «AMANAT»-тың отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі 111 байланыс орталығы» ұлттық желісіне жүгіне алады.

Сондай-ақ, құжат «AMANAT»-тың 111 байланыс орталығы» қызметін ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл жетекшілігімен жүзеге асыруды көздейді. Динара Зәкиеваның айтуынша, күн сайын елімізде балаларға қатысты 6 қылмыс жасалады, 342 адам тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шегеді. Балалар мен жасөспірімдер арасында әлімжеттік мәселесі де өте өткір болып отыр. Оны шешу үшін жан-жақты тәсіл қажет. Уақтылы көрсетілген көмек қайғылы оқиға салдарының 70%-ның алдын алады. Қазір орталықтағы операторлар саны 37 адамға дейін артуда. Алдағы жылы 57 адамға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл қадам бір мезгілде бірнеше өтінішті қатар қамтуға мүмкіндік бермек.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, 111 шұғыл қызметнің бұған дейін де жұмыс істеп келгенін және «AMANAT» партиясы өз әдіснамасы негізінде азаматтарға көмек көрсеткеніне назар аудару қажеттігіне тоқталды. Партияның бастамасы Үкіметтің бастамасына айналды. Енді қолда бар әзірлемелерді пайдалана отырып, байланыс орталығы «Азаматтарға арналған үкімет» МК» КЕАҚ базасында жұмыс істейтін болады, – деді ол.  

111 бірыңғай сенім телефоны мемлекеттік шұғыл қызметтер тізбесіне 101, 102, 103 және т.б. нөмірлермен тең дәрежеде енгізіледі. Шұғыл қызмет тәулік бойы жұмыс істеп, барлық өтініш құпияда сақталады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Мәжілістегі «AMANAT» партиясының фракциясы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейтін заң жобасын әзірлеу жөнінде бастама көтерген еді. Құжатта зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларға көмек көрсетудің бірыңғай бағдарламасын енгізу, балаларға арналған инфрақұрылымның қауіпсіздігін қамтамасыз ету, кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыс үшін жазаны қатаңдату, озбырлық жасаған адамға психологиялық көмек көрсету курсын енгізу бойынша нормалар әзірленді. Сондай-ақ, кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қатігездікке, физикалық зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыстар үшін тараптардың татуласуына мүмкіндік берілмейді.


#заң, #АМАНАТ партиясы