"Ашық диалог орнатуға әрқашан дайынмын": ішкі істер министрі өзіне қалай тікелей жүгінуге болатынын айтты

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов ел тұрғындарымен ашық диалогқа дайын екенін, полиция жұмысының ашықтығын айтты. Бұл туралы министр Instagram-дағы ресми парақшасында жария етті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ сілтеме жасап,  abaidan.kz . Министрдің айтуынша, биыл ІІМ-де кадр сапасын жақсарту жылы болып, ауқымды әрі жауапты іс қолға алынған. "Бұл ретте ел тұрғындарының кері байланысы өте маңызды. Бүгінгі қоғамда әлеуметтік желілер тиімді байланыс құралы екені сөзсіз. Өзімнің Facebook және Instagram әлеуметтік желілерінде жеке парақшаларымның бар екенін еске саламын. Осы парақшалар арқылы менімен байланысқа шығуға болады. Ашық диалог орнатуға әрқашан дайынмын", - деді Сәденов. ІІМ басшысы полиция жұмысының ашықтығын қамтамасыз етуді жалғастыратын айтты. "Тәртіп сақшылары күндіз-түні қызметте. Күн сайын қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге 14,5 мыңнан астам Ұлттық ұлан әскері мен полиция қызметкерлері жұмылдырылады. Әр қызметкердің алдына қойылған басты мақсат – арыз-шағымдарды жылдам әрі кәсіби түрде қарастырып, әрекет ету", - деді ол. Айта кетейік, Ержан Сәденов 2023 жылдың қыркүйегінде Қазақстанның ішкі істер министрі болып тағайындалған. Бұл қызметке дейін Сәденов ішкі істер министрінің орынбасары лауазымында қызмет атқарған. 


#заң, #Ішкі Істер Министрлігі