Бұрынғы вице-министр Ерлан Қожағапановқа қатысты сот үкімі шықты
Бүгінгі сот отырысында бұрынғы Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов пен SUCCESS K агенттігінің бас директоры Ләззат Көккөзоваға қатысты іс бойынша үкім шығарылды,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі kaz.inform.kz сілтеме жасап.
Сот үкімі бойынша Е. Қожағапанов үш жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар оған мемлекеттік қызметте жұмыс істеуіне өмір бойына тыйым салынып, мемлекеттік нарградалардан айыру туралы шешім шығарылды. Қамауда болған уақыты жалпы жаза мерзімінде ескеріледі.
Ал Ләззат Көккөзова бес жылға бас бостандығынан айырылды. Оның да қамауда отырған уақыты жаза мерзімін есептеу кезінде ескерілді.
Еске салайық, былтыр 1 наурызда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Мәдениет және спорт экс-вице-министрін ауыр жемқорлық қылмыс жасады деген күдік бойынша ұстады. Антикордың ақпаратынша, ол 2018 жылы Петропавл қаласында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының XV өңіраралық ынтымақтастық форумының көрмесін ұйымдастыру бойынша шарт жасасуды қолдаған. Биыл наурыздың соңында Антикор аталған іс бойынша тергеу амалдары аяқталғанын хабарлады. Сондай-ақ сот қорғаушы және айыптаушы тараптың өтінішін қарастырғаннан кейін қылмыстық іс бойынша елордалық бағалаушылар палатасының маманын тарту туралы қаулы шығарды.
Кезекті сот барысында мамандар 2018 жылдағы форумды ұйымдастыру және өткізу үшін ұсынылған тауарлар мен қызметтердің нарықтық құнын бағалайтыны айтылды. Кейін Ерлан Қожағапановтың ісі бойынша 2018 жылғы форумға жұмсалған шығынды тексеретін бағалаушы тағайындалды. Сондай-ақ сот отырысында бұрынғы вице-министрдің адвокаты қылмыстық істі тоқтатуды сұраған еді. 2 мамырда судья бұрынғы вице-министр Ерлан Қожағапановқа қатысты сот тергеуі аяқталғанын хабарлады. Артынша Е. Қожағапанов ісіне қатысты сот тергеуі қайта жалғасты.
Биыл 5 мамырда прокурор бұрынғы вице-министр Ерлан Қожағапановқа 7 жыл жаза сұрады.