Бұзақылардан жәбір көрген қазақ баласы бокс клубына жазылды
Семейде бұзақылардан зардап шеккен 11 жастағы оқушыны Ішкі істер министрлігінің «Динамо» спорт қоғамы қамқорлығына алды,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі Абай облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Бүгін баланы облыстық полиция департаментінің басшысы, «Динамо» спорт қоғамының облыстық төрағасы Бектөре Сұлтан өзі қарсы алып, оған спорт кешенін аралатты. Баланың спортқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында жас спортшылар «Жас Динамо» құрамымен таныстырды.
«Оның өзін жалғыз сезінбегенін қалаймыз. Спорт – адамды біріктіретін, қиындықты жеңуді үйрететін ең жақсы құрал. Ең бастысы, спортшы достарының арасында жүріп, өзіне деген сенімділігі артады», – деді Бектөре Сұлтан.
Жасөспірім боксшылардың жаттығуын ерекше қызығушылықпен тамашалап, бокспен айналысуды бұрыннан армандайтынын жеткізді.
Енді ол «Динамо» клубында тәжірибелі жаттықтырушылардың жетекшілігімен тегін жаттығатын болады. Сол күні-ақ ол алғашқы соққысын жасап көріп, өзінің алғашқы «Динамо» формасын сыйға алды.
Полицейлердің айтуынша, бала тұрақты жаттығып, өзін жақсы қырынан көрсетсе, болашақта «Жас Динамо» полицейлік сыныбының қатарына қосылып, тәртіп пен заңдылық негіздерін үйрену мүмкіндігіне ие болады.
Айта кетелік, оқушыға көрсетілген зәбір қоғамда үлкен резонанс тудырған. Қазір бұл іс полиция басшылығының бақылауында, жауыздар лайықты жазасын аларына сенімдіміз.