Интернет-алаяқтық 52 миллион теңгеге: полицейлер өңіраралық топтың әрекетін әшкереледі

Интернет-алаяқтық 52 миллион теңгеге: полицейлер өңіраралық топтың әрекетін әшкереледі

Абай облысының полицейлері танымал хабарландыру платформасы арқылы интернет-алаяқтықпен айналысқан ұйымдасқан топтың заңсыз әрекетін тоқтатты,-деп хабарлайды abaidan.kz Абай облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Күдіктілер жүк көліктерін сату туралы жалған хабарландырулар орналастырып, азаматтарды мәміленің шынайылығына сендіріп, олардан ірі көлемде ақша алған.

Алаяқтық жолмен алынған қаражат Қазақстанның әртүрлі өңірлерінде тіркелген жалған жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылып отырған.

Қылмыстық әрекеттердің салдарынан Семей, Ақтөбе және Қарағанды қалаларының тұрғындары жапа шекті. Келтірілген жалпы шығын көлемі 52 миллион теңгеден асты.

Алдын ала сөз байласу арқылы бір топ адам жасаған аса ірі көлемдегі алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу аясында басты күдіктілер ұсталды. Олардың бірі – Қызылорда облысында туған, ұрланған қаражатты заңдастыру үшін қолданылған ТОО-лардың бірінің жалған директоры ретінде тіркелген 32 жастағы азамат, екіншісі – қаржылық операцияларға қатысы бар Түркістан облысында туған 50 жастағы ер адам. Екеуі де уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Сондай-ақ, полицейлер олардың сыбайластары – үш азаматты анықтады, оларға қатысты “келу міндеттемесі” түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Тергеу жалғасуда. Қылмыстық схеманың қосымша эпизодтары мен басқа да қатысушыларын анықтау бойынша жұмыстар жүргізілуде.


#заң, #алаяқ, #Құқықтық тәртіп