Қаңтар оқиғасы: Қайрат Құдайбергенге және ҰҚК департаментінің бұрынғы басшысына сот үкімі шықты

Қаңтар оқиғасы: Қайрат Құдайбергенге және ҰҚК департаментінің бұрынғы басшысына сот үкімі шықты

Бүгін, 27 қаңтарда Алматыда Қаңтар оқиғасы бойынша күдікке ілінген Қайрат Құдайбергенге және ҰҚК 5-департаментінің басшысы Руслан Ысқақовқа сот үкімі шықты. Бұл туралы abaidan.kz ақпараттық агенттігі KAZ.NUR.KZ сілтеме жасап хабарлайды. Қайрат Құдайберген Қылмыстық кодекстің 272-бабы "Жаппай тәртіпсіздік" және Қылмыстық кодекстің 126-бабы "Бас бостандығынан заңсыз айыру" бойынша айыпты деп танылды. Жаза жиынтығы бойынша ол 8 жылға бас бостандығынан айырылып, қоғамдық-саяси қызметпен айналысуға тыйым салынды. Сондай-ақ оған жиналыстар өткізуге, ереуілдер мен митингілерді ұйымдастыруға және оларға қатысуға, бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде жазба таратуға тыйым салынады. Сонымен қатар Ұлттық қауіпсіздік комитеті 5-департаментінің бұрынғы басшысы Руслан Ысқақов Қылмыстық кодекстің 262-бабы "Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу ", 272-бабы "Жаппай тәртіпсіздік" және 268-бап "Бандитизм" бойынша кінәлі деп танылды. Ысқақов 15 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ сот Ысқақовты полковник шенінен және мемлекеттік наградаларынан, оның ішінде "Айбын" орденінен айыру туралы ұсыныс енгізу туралы шешім қабылдады. Оған мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқаруға да тыйым салынды. 

Қайрат Құдайбергеннің ісі 

Қайрат Құдайберген 2022 жылы сәуір айында ұсталды. Ол жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырып, қатысты деген күдікке ілінген. Экс-депутат өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарды. Сондай-ақ ол Amanat партиясынан шығарылып, депутаттық мандатынан айырылған болатын. Еске сала кетейік, Қайрат Құдайберген мен "Дикий Арман" лақап атымен танымал Арман Жұмагелдиевке қатысты ісі Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына 2023 жылдың қыркүйегінде жіберілген еді. Алғашқы сот отырысы 2023 жылдың 14 қыркүйегінде ашық режимде болды. Сотта Қайрат Құдайберген мен Арман Жұмагелдиевтен бөлек тағы 40-тан астам адамның ісі қаралатыны хабарланды. Кейін айыпталушылардың ісі сотқа қатысушылардың қауіпсіздігі мақсатында жабық түрде қарауға ауыстырылды. 

Фото: NUR.KZ/Петр Карандашов 


#заң, #Алматы, #сот үкімі, #Қаңтар оқиғасы