Қазақстан азаматтығын алу ережелеріне өзгеріс енгізу ұсынылды

Қазақстан азаматтығын алу ережелеріне өзгеріс енгізу ұсынылды

ІІМ елімізде шетелдіктерге азаматтық беру үшін оларды дактилоскопиядан өтуге міндеттеуді ұсынды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ  сілтеме жасап, abaidan.kz тілшісі . Құжатқа сәйкес, ҚР азаматтығына қабылдау және Қазақстан Республикасының азаматтығын қалпына келтіру, азаматтықтан шығу, азаматтықты жоғалту мен одан айыру және Қазақстан Республикасының азаматтығына жататындығын айқындау мәселелері бойынша өтінішхаттарды ішкі істер органдарының қабылдау, рәсімдеу және қарау қағидаларын бекіту туралы заңына өзгеріс енгізу ұсынылды. Ведомствода "Қазақстан Республикасының азаматтығына жеңілдетілген тәртіппен (тіркеу тәртібімен) қабылдау тәртібі" туралы аталған заңның 5-тармағына өзгерістер енгізу жоспарланып жатыр. Енді азаматтық алу бойынша өтінішке шетелдіктің және азаматтығы жоқ адамның дактилоскопиялаудан өткені туралы анықтамасын қосуды сұратуы мүмкін. Сондай-ақ Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат беруден бас тарту үшін негіздер анықталса, ҚР азаматтығына жеңілдетілген тәртіппен қабылдаудан бас тартылады. Тиісті бұйрық жобасы 23 қаңтарға дейін қоғамдық талқылауда болады. "Электрондық үкімет" ресми сайты дерегінше, дактилоскопиялық ақпарат – бұл адамның немесе танылмаған мәйіттің жеке басын анықтауға мүмкіндік беретін саусақтарының және (немесе) алақандарының папиллярлық өрнектеріндегі құрылымдық ерекшеліктері. Дактилоскопиялық деректер Қазақстан азаматтарының биометриялық паспортында және куәлігінде болады. 


#заң, #Қазақстан