Қазақстанда вейп-өнімдер айналымына толық тыйым салынуы мүмкін

Қазақстанда вейп-өнімдер айналымына толық тыйым салынуы мүмкін

Елімізде вейп-өнімнің айналымына толық тыйым салынуы мүмкін. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта Үкімет вейп-өнімдерді таратуға шектеулерді күшейту мәселесін қарастыруда. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша 33 елде никотинді тұтынудың электрондық жүйелері мен вейптерді сатуға тыйым салынған. Олардың қатарында Дания, Норвегия, Уругвай, Аргентина, Панама, Бразилия, Мексика, Канада, Тайланд, Үндістан, Гонконг, Сингапур, Малайзия, Филиппин, Ливан, Катар, Оман, Иордания бар. Сондай-ақ 79 елде бұл өнімдерді қоғамдық орындарда пайдалануға, оларды жарнамалауға, насихаттауға және демеушілікке тыйым салатын немесе қаптамада денсаулыққа зиян екендігі туралы ескертулерді көрсетуді талап ететін кем дегенде бір ішінара шара қабылданған», - деп атап өтеді Үкімет басшысы жауабында.

Премьер-Министрдің дерегінше, вейп-өнімнің айналымына тыйым салу нормативтік құқықтық актілерге түзетулер енгізуді көздейді.

«Құқықтық актілер туралы» Заңның 19-бабының 3-тармағына сәйкес жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік-құқықтық актілер жобаларына қатысты Кәсіпкерлік кодекс белгілеген жағдайларда және тәртіппен реттеушілік әсерге талдау жүргізіледі. Осы жылғы 31 мамырда мүдделі мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің, азаматтық қоғам мен бизнес-қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен Кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның жанындағы Сараптама тобының отырысы өткізілді. Онда вейп-өнімдерді таратуға шектеулерді күшейту бойынша түрлі ұсыныстар қаралды. Қазіргі уақытта вейп-өнімнің айналымына толық тыйым салуды көздейтін норма реттеушілік әсерге талдау рәсімінен өтуде. Үкімет осы норманы қолдайды. Реттеушілік әсерге талдау қорытындысы бойынша кодекске түзетулер ұсынылатын болады», - деді Әлихан Смайылов.


#заң, #Денсаулық