Құқық қорғау органдары күшейтілген режимге көшті.
1–10 тамыз аралығында Абай облысында ұлы ақын, ойшыл және ағартушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған кең ауқымды мерекелік іс-шаралар өтеді. Жоспарланған 41 іс-шараның 11-і Абай ауданында, ал 30-ы облыс орталығында ұйымдастырылады.
Ауқымды мәдени шара қарсаңында Абай облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Бектөре Сұлтанның төрағалығымен кеңейтілген жиын өтті.
Жиынға департамент аппараты, Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті, желілік полиция бөлімі, Мамандандырылған күзет қызметі басқармасы мен ҚР ІІМ Ұлттық ұланының өңірлік қолбасшылығы қатысты. Аудандық бөлімшелер бейнебайланыс арқылы қосылдыы
Кеңес барысында өңірдің бас полицейі азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен қоғамдық тәртіпті сақтау – барлық іс-шаралардың табысты өтуінің негізгі кепілі екенін атап өтті.
«Мерекелік іс-шаралар кезеңінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – біздің басты міндетіміз. Абайдың 180 жылдығына арналған мерекелердің тыныш, лайықты әрі жоғары деңгейде өтуі үшін барлық күш пен құрал жұмылдырылады», – деді полиция генерал-майоры Бектөре Сұлтан.
Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында Абай облысының тәртіп сақшыларымен қатар Шығыс Қазақстан, Павлодар және Қарағанды облыстарынан қосымша полиция күштері тартылады.
Ішкі істер органдары өңір тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге толық дайын. Полиция азаматтарды қоғамдық тәртіпті сақтауға және тәртіп сақшыларының заңды талаптарын орындауға шақырады.
#Абай облысы, #Құқықтық тәртіп, #Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл