Лудомания дерті өршіп тұр: мемлекет заңсыз ойынға қарсы күресті күшейтті
Соңғы жылдары Қазақстанда заңсыз құмар ойын бизнесіне қарсы күрес күшейді. Соңғы екі жарым жыл ішінде 205 жерасты казиносы жабылып, 224 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Абай облысы бойынша экономикалық тергеп- тексеру департаментінің талдау әзірлемелер бөлімі басшысының міндетін атқарушы Марат Сейілханов мәлімдеді. Қазіргі таңда ел аумағында офлайн заңсыз ойын орындарының саны нөлге дейін қысқарғанымен, қазір негізгі қауіп шетелде тіркелген онлайн-казинолардан туындап отыр.
- Бұл платформалар қазақстандықтарды алдап, оңай табыс уәдемен өзіне тартады. Алайда олардың қызметі ҚР «Ойын бизнесі туралы» Заңымен толықтай тыйым салынған. Жыл басынан бері 34 шетелдік онлайн-казиноның айна-сайттарына қатысты 17 мыңнан астам сілтеме бұғатталды. Дегенмен, қолжетімділіктің оңайлығы, верификацияның жоқтығы және төмен мөлшерлемелер оларды әсіресе жастар үшін аса қауіпті,-деді Марат Сейілханов.
Мамандардың айтуынша, мұндай ойындарға тәуелділік лудомания деп аталады. Бұл – психологиялық ауру, оның зардабы ішімдік пен есірткіге тәуелділікпен бірдей. Лудоманияға шалдыққан адам уақытын да, ақшасын да құрбан етіп, тіпті отбасынан алыстайды. Белгілері: үнемі ойнау, ақша қарызға алу, өтірік айту, агрессия, қаржылық қиындықтар.
- Айта кетерлігі, онлайн-казинолардың артында көбіне қылмыстық жолмен табылған «лас ақша» тұрады. Ал жаңа «клиенттерді» тарту үшін олар миллиондаған жазылушысы бар блогерлерді пайдаланып отыр. Биылдың өзінде Агенттік заңсыз жарнама жасаған 34 блогерді анықтады.Мемлекет заңсыз ойын бизнесіне қарсы күресті жалғастырып келеді. Арнайы рейдтер жүргізіліп, көлеңкелі қаржылық операцияларға тосқауыл қойылуда.Бүгінде ақпараттық науқандар, мектеп пен университеттердегі түсіндіру жұмыстары және отбасылық ашық әңгімелер жүргізілуде,-деді спикер.
Егер сіз немесе жақыныңыз лудоманияға тап болса, көмекке жүгінудің бірнеше жолы бар:
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы психологиялық көмек орталықтары
«111» ұлттық сенім желісі
Жеке психотерапевттер мен оңалту орталықтарына жүгіну қажет.
Лудомания – уақытша қызықтың емес, өмір бойғы өкініштің бастауы болуы мүмкін.
#заң, #Абай облысы, #Құқықтық тәртіп