Мектеп қауіпсіздігіне бейжай қараған 24 басшы айыппұл арқалады

Мектеп қауіпсіздігіне бейжай қараған 24 басшы айыппұл арқалады

Балалардың қауіпсіздігін қамтуда мектептерді тиісті құрал-жабдықпен қамту жұмысына салғырт қараған басшылар жауапқа тартылды, деп мәлімдеді Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев. Бұл туралы  abaidan.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.  
«Біздің министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдауда. 27 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында «Назар аудар – балалар!» атты жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіледі. Мақсат – жол қауіпсіздігі ережелерін түсіндіру, балалардың жарақат алуын азайту және жол жүру ережелерін сақтау сауатын арттыру. Алғашқы 3 күнде мектептер орналасқан жерлердегі жол белгілері мен бағдаршамдардың жұмысы тексеріледі. Сондай-ақ балаларды тасымалдайтын автобустардың лицензиясының бар-жоғы қаралады», - деді Марат Қожаев Үкімет отырысында.

Сонымен қатар акция аясында ішкі істер органдарының басшылары мектептерде қауіпсіздік негіздері бойынша дәріс өткізеді.

«Ішкі істер органдары 5 620 мекеменің қауіпсіздік жүйелерімен жабдықталуын тексерді. Нәтижесінде 2 900 объектіде заңбұзушылық анықталды. Атап айтқанда, бейнебақылау жүйелерінің стандарттарға сәйкес келмеуі, дабыл түймелерінің жоқтығы, турникеттер мен лицензияланған күзеттің болмауы. Барлығы 24 басшы жауапқа тартылып, оларға 5,4 млн теңге айыппұл салынды. Қалғандарына кемшіліктерді жою туралы ұйғарым берілді», - дейді ол.

Оның айтуынша, мектептерде қауіпсіздікті қамтуға қатысты тексерістер жалғасып жатыр.


#Білім, #мектеп