Облыста алименттік кеңседегі жеке сот орындаушыларының саны артпақ

Облыста алименттік кеңседегі жеке сот орындаушыларының саны артпақ

 Ағымдағы жылы облыс бойынша мемлекеттік және жеке сот орындаушылар 269 067 атқарушылық құжаттың орындалуын қамтамасыз еткен. Өңіріміздің басты ақпарат алаңында өткен баспасөз-маслихатында Абай облысы Әділет департаменті басшысының орынбасары Бейсембек Әл-Сейіт сот актілерінің орындалу барысымен бөлісті,-деп хабарлайды abaidan.kz тілшісі Абай облысының өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.



  Биылғы жылдан бастап Семей қаласында алимент төлемдерін өндіріп алу бойынша жеке сот орындаушыларының мамандандырылған кеңсесі іске қосылған. Қазіргі таңда өңірде жеке сот орындаушылары аталмыш жұмыстар бойынша 9 957 атқарушылық құжатты қарастыруда. 

- Облыс аумағында алиментті өндіру бағытында біршама іс-шаралар атқарылды. Мемлекетіміз кепілдік берген заң көмегін көрсету шеңберінде адвокаттар мен заң консультанттары алимент өндіріп алушы 1 487 азаматқа кеңес берген. Нәтижесінде, 137 атқарушылық іс бойынша 84 млн теңгеден астам қаражат өндіріліп алынды, - деп атап өтті Бейсембек Әл-Сейіт.

Әділет және полиция департаменттері борышкерлермен күресте бірге күш біріктіруде. Атап айтқанда, екі департамент ай сайын борышкерлердің көліктерін ұстап, уақытша айлық тұрағына орналастыру бойынша рейдтік іс-шаралар ұйымдастыруда. Осы орайда борышкерлердің 145 автокөлігі ұсталып мемлекет кірісіне 10 млн теңгеден астам қаржы өндірілген.

- Биыл 11 айдың қорытындысы бойынша мемлекет кірісіне 54 353 атқарушылық құжаттан 6 млрд теңге, 31 996 атқарушылық құжаттан 1,5 млрд теңге, 20 376 атқарушылық құжаттан 652 млн теңгеден астам қаражат өндіріліп алынды. Осы мақсатта атқарылып жатқан рейдтік іс-шаралар мемлекет кірісіне өндіріп алу бойынша атқарушылық құжаттардың санын біршама азайтуға септігін тигізуде, - деді спикер.

 Айта кетерлігі, Абай облысында 11 мемлекеттік және 51 жеке сот орындаушысы қызметтерін жүзеге асырады.


#заң, #алимент, #сот орындаушылары