Полицейлер жол апатының алдын алу үшін дрондарды қолдануда
Абай облысында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында полицейлер заманауи техникалық құралдарды – дрондарды белсенді түрде пайдаланып келеді6-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Қазіргі таңда дрондар қала көшелерінде әуеден бақылау жүргізіп, жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын тіркеуге мүмкіндік беруде.

Ұшқышсыз ұшу аппараттарының көмегімен жолдың қарсы бағытына шығу, маневр жасау ережелерін бұзу, жаяу жүргіншіге жол бермеу сынды қауіпті құқықбұзушылықтар анықталып, әрбір факті бойынша полиция қызметкерлері жедел шаралар қабылдады. Бұл әдіс жүргізушілердің тәртібін арттырып, жолдардағы қауіпсіздікті күшейтудің тиімді құралы ретінде өз тиімділігін көрсетті. Жыл басынан бері жолдың қарсы бағытына шығудың 64 дерегі және маневр жасау қағидаларын бұзудың 1487 фактісі анықталып, тиісті шаралар қабылданды,-дейді Абай облыс ПД баспасөз қызметі.

Абай облысының полицейлері барлық жол қозғалысына қатысушыларды жол ережелерін сақтауға, қауіпсіздікке қатер төндіретін әрекеттерден аулақ болуға және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге өз үлесін қосуға шақырады.