Полиция Семейдегі жол-көлік оқиғасы орнында жағдайды бақылауға алды
2025 жылғы 26 қыркүйекте сағат 18:20 шамасында Абай облысы полиция департаментінің Жедел басқару орталығының инспектор-операторы бейнебақылау камералары арқылы Абай және Шәкәрім көшелерінің қиылысында маршруттық автобустың қатысуымен болған жол-көлік оқиғасын тіркеді. Оқиға орнына дереу патрульдік полицияның жасақтары жіберілді,-деп хабардайды abaidan.kz агенттігі Абай облыстық ПД-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға орнына келген полицейлер жүк манипуляторының жүргізушісі бағдаршамның рұқсат етілген белгісінде бұрылыс жасау кезінде борттан ажырап кеткен кран жолаушылар автобусының сыртын соққанын анықтады. Автобус салонында шамамен 20 адам болған.
ЖКО салдарынан автобус жүргізушісі мен екі жолаушы жарақат алып, медициналық мекемеге жеткізілді. Дәрігерлік көмектен кейін олар үйлеріне жіберілді.
Жүк көлігінің жүргізушісі жәбірленушілердің денсаулығына жеңіл зиян келтіруге әкеп соққан жол жүрісі қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Көлік құралы арнайы тұраққа қойылды.
#жол апаты, #жолаушылар тасымалы